ЖЕТІБАЙ
1
Жырламасам қалар деп қарыз болып
Сол себепті отырмын маңыз беріп.
Қай түкпірін түртсең де Маңғыстаудың
Сөйлеп шыға келеді аңыз болып.
Білмейтін имену мен қанағатты
Маңғыстауды жұт жиі аралапты.
Ертеде ағайынды жеті жігіт
Қоныс қып осы араны паналапты.
Жұт алдағы малдарын жинап тынған
Далада қаңғып қалған сияқты жан.
Жеті қотыр тай қалған жетеуінде,
Тұқым болар дегенде тұяқтыдан.
Күйзелмейтін жанымды қинадым деп,
Мақтан көрген малды көп жинадым деп.
Балаларын жанына балаған да,
Қазақ малын санаған иманым деп.
Адасып ерген қырсық соңдарына
Шаруалары оралып оңдарына.
Жеті тұяқ аз жылда жинақталып,
Шоғырлана бастаған қолдарында.
Ат, айғыр болып кеше таймыз деген,
Сиреген мұңдасқан жол байғызбенен.
Жеті тайдан жеті жүз жылқы өргесін,
Жеті жігіт өздерін баймыз-деген.
Тағдарыдан көріп жіпсіз маталуын
Көрген ғой талай дүрмек ата-буын.
Осылай деп айтады ел-аңызы,
Бұл өлкенің Жетібай аталуын.
2
Есептеліп ертеңнің межесімен
Ұйғарылған ғалымдар кеңесімен
Геолог: - Мұнай бар!-деп картадағы
Жетібайдың шұқып тұр төбесінен
Жөн-жотасын батыл, ой шешіп-пішті,
Кедергіні алмастай кесіп түсті.
Жеті қат жердің астын жұмысшы қол
Бұрғылап төбесінен тесіп түсті.
Мұнай көл боп мұнара жатты маңы
Жүзгенде көрінбестей ат құлағы.
Атышулы Алтыншы мұнарадан
Ел ырысы фонтан боп атқылады.
Есе қайтып еңбектің майданынан
Май шайқалды қара жер қаймағынан
Жаңа өмір басталды Маңғыстаудан
Жөн тауып Жетібайдың аймағынан.
Бүгінде үлес тиіп үй басына
Өрмеледі ел ғасыр қиясына
Жетібай жетпіс ұлтқа мекен болып
Айналды ұлт достығы ұясына.
Жіңішкесі жоқ бүгін толыспаған,
Арман аз бұл өлкеде тоғыспаған.
Бүгінгі Жетібайдың түрі ғажап,
Ұлт достығы ұйыса қоныстаған.