01.08.2022
  112


Автор: Уәйіс Қайралапов

ЕЛУІНШІ ЖЫЛДАРДА

Үңілгендей май іздеп тортасына
Етін жемей-ақ тойғандай сорпасына.
Тыңдағаным бар еді бір ғалымды
Елуінші жылдардың ортасында.
Сөйлеген ол шабытпен еміреніп
Ара-тұра арындап екіленіп
Көрінді ол Маңғыстауды ажуалап
Ертегі айтып отырған секілденіп.
Мін таққан жоқпыз оған айып қойып
Қалғанбыз лебізіне байып, тойып
Сөйледі ол жер қыртысы карталарын
Жағалай қабырғаға жайып қойып.
Ол кезде мекен сирек қонатұғын
Ештеме жоқ уысқа толатұғын
Түгелдей Маңғыстаудың қыр-ойында
Жалғыз ғана қалашық болатұғын.
Оның да поселоктей бар аймағы
Өндіріс жоқ, ашылсын қалай бағы?!
Жан-жағы жалпақ дала болушы еді
Жылан жалап кеткендей маңайлары.
Ойыңа іріккенің іріктелмей,
Көңіліңнің ақ сүтін іріткендей
Тастары да әр жерде андағайлап
Селтиіп тұрушы еді үріккендей
Болар ма көріп тұрып, ойланбасқа,
(Секіруде тоңған мен тойған басқа)
Халқында басқа кәсіп, болмаушы еді,
Бағатын жылқы, түйе, қойдан басқа.
Саусақпен санағанда барын тізіп
Шыға алмай қалатынбыз жарып-бұзып
Бір бөлек ел теңіздің жағасында
Отыратын ау салып-балық сүзіп.
Мейлі сүрінейік, жығылайық,
Көнгенбіз. Қайда барып тығылайық.
Кеш болса, керосин шам көзін сүртіп
Тұратын әр бөлмеде сығырайып.
Көзіміз еш нәрсеге сүрінбейтін,
Ұсынған қолға еш зат ілінбейтін.
Киер киім, ішер ас мол болғасын,
Өзге мұқтаж бедері білінбейтін.
Сол ғалым аң қуғандай құмайменен
Сөзіне жұрт ынтасы, құлай берген.
Барлығын көзбен көріп отырғандай,
Ол кісі бізге сонда былай деген:
-Бұл өлке болғанменен былай тақыр
Астында тұншығулы құмай жатыр
Кәрі Каспий көлемі қандай болса,
Тап соның аумағындай мұнай жатыр.
Саралап санай берсек бас-басына,
Жетеді мұнайынан басқасы да
Еңбек, ғылым, техника мұқтаж емес
Сол табады, -алмаймыз ақшасына.
Бізден басқа кім мұнда қол қатады,
Айқұш-ұйқыш бұл жерде жол жатады.
Бұл өлке ұлы еңбекке жерік өлке
Туарында мұнайға толғатады.
Артта біраз жылдар мен ай қалады,
Жұлдыз қаптап кетеді айналаны
Менделеев кестесі дегеніңіз
Маңғыстау картасына айналады.
Бұл өлке мұнай сүзіп, өт елейді,
Айлық жолын сағатпен төтелейді.
Атомның қуатына атша мініп,
Желдіртіп желмаясын жетелейді.
Еске салып ел бейне омартаны,
Халқы түгел ғарышқа қол артады.
Тағылық киік болып қырдан асып,
Әбсәтте шаң-тозаңын жоғалтады.
Кемиді әр мекенмен арақашық
Шегінеді адамнан дала қашып
Қала қаптап кетеді маржан түсті
Құмарлық сезіміңді ала қашып.
Сан ғасыр ата-баба қиналғаны
тиеді ұрпағына жиғандары
Әр үйдің іргесінде гұл шашады
ертегіде айтылар «Иран бағы».
Өткен бейнет қайрылып жоламайды,
Шаң-тозаң көзді бітеп борамайды
Таспа жолдар үстінде қаздай қаптап
Машиналар қоңызша домалайды.
Қалаша құлпырмасын дала қалай
Түнде жарық болады самаладай
Самолеттер жыртылы айырылады
Жағалыққа топталған шағаладай.
Көшпенділік бейнеттен күн көре алмай,
Босса ел өзіне-өзі бір келе алмай
Салынған қалаларға бұл арада
Жатасыңдар ат қойып үлгере алмай
Жақындатып ат жетпес айналаны
Керуен жол болат жолға айналады
Шаттанумен қарайтын боласыңдар
Өлкеңнің суретіне айнадағы.
Келешекке қол созбау жарамайды,
Өскен өмір өткенге қарамайды
Сол уақытта қазіргі Маңғыстаудың
Бір емес, -мың қыстау боп балалайды!»-
...Есептеп сонан бергі жолдағыны
Көрген сайын бүгінгі қолдағыны
Маңғыстау тұрғындары осы күні
Көреген!-деп атап жүр сол ғалымды





Пікір жазу