01.08.2022
  104


Автор: Уәйіс Қайралапов

БҮГІНГІ МАҢҒЫСТАУ

Бүгінгі Маңғыстауға барып қара,
Адымы жеткізбейді алыпқа да
Мұнай мен газ үстінде түнеп жүріп
Кезінде жарымаппыз ғой жарыққа да.
Білте шамды атоммен жалғастырып
Жер үйден зәулім үйге жармасты жұрт
Тұлпарлардың орнына ТУ-лар мініп,
Түйені тепловозбен алмастырдық.
Көркімен көршісіне ұнап қатты
Ұлы дүрмек дүбірі шыдатпапты
Амудария арнасын ала келіп,
Ат басын Маңғыстаудан бір-ақ тартты.
Тарықса тамшы су жоқ сұрап алар
Құс қанаты күйдірген бұл аралар
Бұл күнде жол бойында жүргізбейді
Аспанменен тілдескен мұнаралар.
Көлігі жылқы, түйе қолдарында
Ат болдырған айшылық жолдарында
Бұл күнде экспресс жорғалайды,
Маңғыстаудың жоталы жондарында.
Ел терінің соры мен тұзы жатыр,
Ерліктің құламаған құзы жатыр
Халқы үшін шайқасқан Үш ауызда
Досан мінген тұлпардың ізі жатыр.
Ескі үнді жағартып жырақтағы
Ой менен сыр жаңаша сыр ақтарды
Күміс үнді сылдырын жоғалтпапты
Ақбөбектің су алған бұлақтары.
Бұл өлкенің Құламас құздары бар,
Сұстанса қалтыратар ызғары бар.
Керісінше, биязы, нәзік жанды
Аппақ нұрдан жаралған қыздары бар.
Ел салты бар бет алса, -қайтпайтұғын,
Таппайтұғын сырларын айтпай тыным.
Жігіті бар артсаң да, атан түйе,
Маған ауыр болды-ау!-деп айтпайтұғын.
Қарттары бар ғасырды аттағандай
Бел шешіп өмір бойы жатпағандай
Бар шежіре тұнып тұр бастарында
Сандыққа салып қойып сақтағандай.
Дәстүр жоқ мұнда ешкімді бөтен деген,
Салмақ бар ма бұл өлке көтермеген
Маңғыстау дархандығын паш еткендей
Жетпіс ұлт Жетібайды мекендеген
Кеп-кеше жарыққа зар бұл аралар
Керосин де таппаса сұрап алар,
Бүгінде жоғары вольт жалғастырып
Мұрнынан тізіліп тұр мұнаралар.
Ауыр жүктен арылып мұз белі бір
Келесі өрге қарай жүзгелі тұр
Кеше біз ат шалдырған атырапты
Күміс қанат лайнерлер тізбегі тұр.
Бұл неткен көркем біткен көрік еді,
Қиялың қырық саққа бөленеді.
Шевченко биігінен қарағанда,
Кавказдың жоталары көрінеді.
Қырқасына қыруар мал жинап қыр,
Ойпаты ортасына бал жинап тұр
Кешегі қозы, лақтар қрісінде
Мойынын көкке созып комбинат тұр.
Ұлы іске үлес қосу-парызым деп,
Мұнда келем деушілер арызы көп.
Бұл өлке келгендерді жек көрмейді
Беруге де қалмайды қарызды боп.
Бұл өлкеге өмірдің шұрайындай
Ән-күй керек бетінің шырайындай
Сарқылмас жырдың мол кені керек
Өзінің газы менен мұнайындай.
Көрмеген дағдысынан бір жаңылып
Бұл жердің көркі нұрға тұр малынып
Мейман болсаң, ат мініп, шапан киіп,
Ақын болсаң, қайтасың жыр жамылып.
Кен көзін ашамыз деп таң тыңнан
Бұл жердің бар тиегі ағытылған
Қай жолына түссең де, Маңғыстаудың
Аумайсың Коммунизм бағытынан.





Пікір жазу