БҰРЫНҒЫ МАҢҒЫСТАУ
Бұл Маңғыстау аймағы не көрмеген,
Бедер бар ма бұл тоқтап бөгелмеген.
Ілгері басқан ізі кері кетіп,
Сан ғасыр көсегесі көгермеген.
Кең дала, шексіз дала көлбеп жатқан,
Өмірі де өзінше төлдеп жатқан.
Күйзелген ел, көз жасын сусын етіп,
Жете алмай бостандыққа шөлдеп жатқан.
Керілгенмен бойдан қан тарата алмай,
Науқастың бетін бері қарата алмай.
Заман кейпі жирылып тарылғанда,
Байтақ жер болушы еді алақандай.
Күдер үзіп терезе теңдігінен
Ағымға ерген ел тек елдігімен
Өмір көндей құрысып, кеуде қысса,
Не пайда жердің байтақ кеңдігінен.
Осындай болып мұңы басындағы
Жылжи берген Маңғыстау ғасырлары
Төгілген елдің ащы көз жасындай
Келуші еді көк теңіз қасындағы.
Білмеген ел хат жазып, хат алуды,
Көрген тек ой-өрісі маталуды.
Халықтың тәтті арманы болса керек,
Өзенсіз жердің өзен аталуы.
Бір дария мұнда кеп құйылмапты,
Сусыз өлке жай-күйді қиындатты
Жылап аққан әр жерде көзден басқа
Бұрқырап бір бұлақ та бұйырмапты.
Халық зары жалындап алаулайтын,
Тұлпар терге малынып танаурайтын.
Ерғали «Бозашысын» боздатқанда,
Маната мұңға батып манаурайтын.
Келешектен дәметпей алданда да,
Сан көңілде жазылмай қалды жара.
Жұт жылдар малды түгел жұтып салып,
Кез болған қалған жалғыз «Жалды қара».
Азаптың құрғамастан қойды тері,
Тарылып өрісімен ой бітелді.
Хиуадан қарақшылар ат құрғатпай,
Шулатып жатушы еді бейбіт елді.
Өріс алып озбырлық барымтасы,
Қанмен ғана қайтатын қарымтасы
Өзін емес, -бай малын қорғаймын деп,
Кемитін кедейлердің жарым жасы.
Қажыған ел орнынан шаққа тұрып,
Салынса да еркіндік баққа құлып,
Соның бәрі жырменен күйге айналып
Жататын арнасынан ақтарылып.
Ескірмей ел есінде өткендері
Бұд өлке жырдың орын тепкен жері
Атышулы сыпыра жыраудың да
Маңғыстау өмір сүріп өткен жері.
Заман қысы қаңтардай қақағанмен,
Алтын мұра тот баспай жата берген.
Күй мен жырды сапырып сапты аяқта
Сімірген Құрманғазы Қашағанмен.
Шешіліп белден белбеу, бөрік бастан,
Кеудесі секілденіп көрік басқан.
Құрекеңнің көп күйі шаңқан боздап
Тап осы Маңғыстауда көбік шашқан.
Адамды тағдыр қайда айдамайды
Өнерге дала мүлгіп ай қарайды.
Құрекең тартқан мұнда «Адайы» мен
«Балқаймақ», «Айда бұл-бұл, Айжанайды».
Аққудай жатыр қанат жайған ізі,
Кем емес толып туған Айдан жүзі
Талайды табындырған талантына
Кімнен кем еді Адайдың Айжан қызы.
Жаралы ақ киікке ұсады да,
Ілініп озбырлықтың пышағына
Ақбөбектер тұншығып қалған жоқ па
Есерсоқ Есбергендер құшағында.
Бұл өлкеде думан мен ду қызыпты,
Көңіл кіріп жыр, күймен жуғызыпты.
Ақын Абыл алқаға аз болғандай
Маңғыстау күйші Абылда туғызыпты.
Тоғысып бір арнаға талай арман
Шарқ ұрған жырсыз сая таба алмай жан
Бұл өлкеде ақындық өріс алған
Басталып Ахтан, Нұрым, Аралбайдан.
Бақыла жазда, қыста, күзде келіп
Бәрі де түседі бір ізге келіп
Бұл өлкеде жырдың бір желісі бар
Жалғасқан Сәттіғұлмен бізге келіп
Заман көші үзілмей жалғасады,
Өнер де ұрпағымен алмасады.
Бұл өлкенің баласы еңбектесе –ақ
Домбыра шанағына жармасады.
Шомылған тұнық өнер бұлағына
Ән мен күй тамыр жайған тұрағында
Жібектен де биязы қыздар мұнда
Домбыраның ойнайды құлағында.