01.08.2022
  209


Автор: Есенғали Бөкенбаев

МАҚТЫМҚҰЛЫҒА

Мақтымқұлы – тілділердің тілдісі,
Өлең-жырдың бастаушысы, үлгісі.
Тар бұғауда, тар кезеңде алысқан,
Таңдайына қонақтаған мұң құсы.
Мақтымқұлы, сөнбейтұғын шырақсың,
Теңдесің жоқ ойың ұшқыр пырақсың.
Әділетті сүйетұғын елімнің
Мейірі қанып ішетұғын бұлақсың.
Пір тұтқан ақындардың көсемісің,
Турашыл, ойың озық, шешенісің.
Мейірін қандыратын шөлдегеннің
Өлеңнің құдіретті нөсерісің.
Мақтымқұлы, ғасырлардың көзі – сен,
Ақындардың аузындағы сөзі – сен.
Қазақ, түркімен, қарақалпақ, өзбекте
Ұмытылмас қадірлінің өзі – сен.
Сенің жырың – бір қазына жатпайтын,
Ғасырлардан-ғасырларға аттайтын.
Әділетшіл адамзаттың баласы
Жүрегінің түкпірінде сақтайтын.
Өзіңдей жан туса – туар, артылмас,
Бірақ сізден үлгі алудан тартынбас.
Асыл жырың жер жүзіне таралып,
Басы – бұлақ, түбі – мұхит сарқылмас.
Халқың үшін қапаландың, қайғы алдың,
Ең алдында жүрген жандай майданның.
Сенбейтұғын күні болып елімнің,
Өлмейтұғын, өшпейтұғын мұрамызға айналдың.
Көп рахмет туған түркімен халқына,
Қазақ тілі сүйсінеді даңқыңа.
Нық орынды жүректерге мәңгілік
Тот баспайтын маржан жырың жалпыға.





Пікір жазу