01.08.2022
143
ӘЛ-ФАРАБИ
Данышпан әл-Фараби әбу-Нәсір,
Жасадың арып-ашпай он бір ғасыр.
Әлемнің шетсіз-шексіз аспанындай,
Ғылымның мұхитысың ұлан-асыр.
Тудың сен қазақ жері – Отырарда,
Ойшыл жан ізденіссіз отырар ма?!
Ибн-Сина, Бируни, Омар Хайям,
Өзіңді ұстаз тұтты осылар да.
Меңгердің араб, парсы, түрік тілін,
Өзіңе біткен барлық ғылым-білім.
Ешкімнің таласы жоқ дарыныңа,
Еңбегіңнің тапқан жоқ адам мінін.
Ел болды әлемге аян қазақ халқы,
Көркейіп, өрге басқан сана-салты.
Мыңдаған ұлағатты ұстаздардың
Жайылып жер жүзіне, жеткен даңқы.
Қалдырдың өшпес мұра кейінгіге,
Өнегең мирас болып зейіндіге.
Ғалымдар өнеріңді жалғастырды,
Түнеді надандықтың сейілі де.
Әл-Фараби, ғылымның жұлдызысың,
Күн сүйген Гималайдың шың-құзысың.
Әлі де берерің көп қазынаңнан
Болашақ ұрпақтардың ұл-қызы үшін.