01.08.2022
  206


Автор: Есенғали Бөкенбаев

МАҢҒЫСТАУ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ

Маңғыстау – талай елдің көшкен жері,
Айбынды батырлардың өскен жері.
Ардагер Әлібидің дабыл қағып,
Артына із қалдырып кеткен жері.
Бұл жерде Қармыс пенен Досан туған,
Оларды дей алмайды «осал туған».
Бұл жерге тұрақтамай кете берген
Арқауы тарқатылып, босаң туған.
Жыр төккен Абыл, Ақтан, ақын Нұрым,
Қашаған, Сәттіғұл мен жырау Мұрын.
Айбынды, жақсы сөзін еліне арнап,
Өткен жер жырға қосып бізден бұрын.
Солардың ұрпағының үлесіне,
Ешкімнің ұшырамай сілесіне;
Маңғыстау көтерді алтын шаңырағын,
Қол салып кең байлықтың сүбесіне.
Маңғыстау – құтты мекен шаңырағым,
Ізет қып, басымды иіп, табынамын.
Түлеген түбегіме үнім қоспай,
Мен қалай шабысымнан жаңыламын?!
Өрлетіп, алып ұшып тілегімді,
Барады шаттық кернеп жүрегімді.
Өзіңнің түлеп ұшқан перзентіңмін,
Табамын туған жерден тірегімді.
Жетібай, Өзенім мен ару Теңге,
Қалалар сап түзеген құба дөңде.
Санасам сан жетпейді байлығыңа,
Маңғыстау, мәшһүр болдың барлық елге.
Еңбектің туын тіккен майданысың,
Мұнайдың аққан бұлақ, қайнарысың.
Нәрлеген ғылым, білім бұлағынан,
Өрлеген өндірістің қаймағысың.
Кең алқап, құтты қоныс – ел мекені,
Айбыңды, қаймықпайтын ер мекені.
Қасиетті Маңғыстаудың болашағы
Жігерін ерлерімнің өрлетеді.
Бұл жырым енді өзіңе шашу болсын,
Мәртебең, Маңғыстауым, асыл болсын!
Отауы ынтымақтың, келешегің
Бір емес, бірнеше мың ғасыр болсын!





Пікір жазу