01.08.2022
  110


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Қылығы жоқ қыздан сақта...

Қылығы жоқ қыздан сақта,
Тынымы жоқ ұлдан сақта!
Соңыңыздан калмайтын,
Шамасы келсе, алдайтын
Сұрқия сұмнан сақта!
Мас болып, құтырғаннан сақта,
Барыңды «жоқ» деп жұтынғаннан сақта!
Тапқаныңды қартқа салып,
Ұтылғаннан сақта!
Елуден асқанда желіккеннен сақта,
Шаруасыз, еріккеннен сақта!
Істейін десең, жұмыс таппай,
Үйде отырып, зеріккеннен сақта!
Ығай мен сығайлардан сақта,
Шық бермес Шығайбайдан сақта!
Берекесіз сыбайдан сақта,
Жолы сұйық жұбайдан сақта!
Шәйпау қатыннан сақта!
Қадіріңді білмейтін,
Дәрежеңді күндейтін,
Дүрдараз жақыннан сақта!
Ішіп алса, еліретін,
Уақытша батырдан сақта!
Орынсыз алданғаннан сақта,
Тапқаныңды жөніне жұмсай алмай,
Көзі малданғаннан сақта!
Достарыңның әзілін ауыр көріп,
Ашуланып, шамданғаннан сақта!
Басқа біреудің несібесіне
Ыссылай сұғынғаннан сақта!
Жар төсегін суытып кәдір түнде,
Әуреленіп, шығынғаннан сақта!
Өтірікті судай сапырып,
Құбылғаннан сақта!
Қонақтарың үйіңе келіп жатса,
Өзіңді «жоқ» дегізіп әйеліңе,
Жасырынып, тығылғаннан сақта!
Керенау кердеңнен без,
Тәкаппар менменнен без!
Ата жолынан адасып,
Ұры, қары, залымға ергеннен без!
Зиянды дәріден сақта,
Жамандықтың бәрінен сақта!
Аллаһу әкбар!





Пікір жазу