01.08.2022
  138


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ӨЛЕҢ-ӨСИЕТ

Сұмдығым жоқ ақынмын аңқылдаған.
Пайда іздеп, «Бай болам» деп талпынбаған.
Қашаған, Сәттіғұлдай болмасам да,
«Ақыным» деп ат қойған халқым маған.
Бала мінез, мен өзім – елгезекпін,
Бұлданып, бойым тежеп, тартынбаған.
Алпыс асып, жетпіске таянсам да,
Өлеңімнің көзі бар сарқылмаған.
Сөз патшасы – өлеңді қастерлеймін,
Көктегі найзағайдай жарқылдаған.
Өзім сыншы емеспін, халқым – сыншы,
Өлеңім сынға ілігіп, шарпылмаған.
Қайсыбір ақындардың сөз саптауы
Абыл, Нұрым, Ақтаннан артылмаған.
Сөздері – жауға зәрдей, досқа нәрдей,
Тау қыраны сияқты саңқылдаған.
Екі ауыз сөз құраса кейбір сабаз,
«Ақынмын» деп, таңдайы тақылдаған.
Өзге түгіл өзіне пайдасы жоқ,
Секілді балапандай қалтылдаған.
Халқымыз ондайларды ұнатпайды,
Қарғаның ұшқанындай жалпылдаған.
Елімнің қажетіне жарамаса,
Не керек әуреленіп, балпылдаған?!
Мәні жоқ, мағына жоқ, күлдібадам,
Әсіре құрғақ сөзді мақұлдамаң.
Дұрыс сөзді «бұрыс» деп өлшеу бермей,
Жақсы сөзді шегеріп, тақымдамаң.
Жастарға соңымдағы ескертуім –
Өлең сөзді орынсыз зақымдамаң.
«Теріс айтты» дей алмас бұл сөзімді,
Парасатты, білімді, ақылды адам.





Пікір жазу