01.08.2022
  135


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ТУҒАН ЖЕРІМ – МАҢҒЫСТАУ

Алыстан аңсап еліме,
Көкорай шалғын көліме
Сағынғаннан келемін –
Ата-қоныс жеріме.
Әулиелер орнаған
Қасиетті төріме.
Қысылғанда дем берген,
Елімнен шыққан еріме.
Жеті жұрттың соңынан
Бұрынғы ата-бабамның
Мекен еткен жеріне.
Қарсы тұрған қайсар ел
Ұры, қары, бөріге.
Шөптің басы шықтанған
Атынан аққан теріне.
Мекендік орын қоймаған
Жын-жыбылыс періге.
Беттей алмай дұшпаны,
Құлаған қазған көріне.
Кіндігімді кескен жер,
Аяқтанып өскен жер.
«Жылдам жүріп кетсін» деп,
Тұсау байлап, кескен жер.
Кебежеге таңылып,
Ауылдың үдей көшкен жер.
Үміт етіп менен де,
«Жігіт болар» дескен жер.
Жылағанда әлдилеп,
Бесігімнен шешкен жер.
Еркелесем, есіркеп,
Тентектігім кешкен жер.
Еңбектеген жерлерім
Екпін берді өзіме.
Тілім шыққан жерлерім
Әсер берді сөзіме.
Қаз-қаз басқан жерлерім
Шырай берді көзіме.
Берсе, сатып алмаймын
Басқа жердің алтынын
Туған жердің жезіне.
Жібегін керек қылмаймын
Бұл араның бөзіне.
Туған жерді көретін
Күн бар екен көзіме.
Ер жеткен соң бұл жерге,
Қайта айналып көруді
Келтірді дағдыр кезіме.
Дәл он алты жыл бұрын
Жетім қалып әкемнен,
Түріліп еді шылбырым.
Жел айдаған қаңбақтай
Алыс жерге зырғыдым.
Қатарына қосылдым
Ондағы қатар-құрбының.
Талай өттім алдынан
Неше түрлі сырлының.
Алуан-алуан мінезді,
Жігітте сегіз қырлының.
Дүнияның бүгінде
Парасатын таныдым.
Білетін болдым айырып
Жақсы мен жаман анығын.
Өмір үшін өрмелеп,
Өзімді мықтап жаныдым.
Қиындықты көп көрдім,
Көретін жігіт жанының.
Дәстүріңді сағындым,
«Қайран туған халқым,
Көрем бе, - деп, - өлімді»,
Майданда жүріп налыдым.
Төрт түлігі түлеген
Есебі жоқ малының.
Ата-бабам мекені
Алтын бесік, қазығым,
Түрі – кілем түгіндей,
Жусанды бел, жазығым.
Аңшыларым құс салып,
Қызығын көрген тазының.
Жұтшылық қанша болса да,
Тауып жеген азығын.
Ұшқанын көргім келеді
Үйрегі мен қазының.
Ұжмақтай нұрға бөленіп
Келгенін көргім келеді
Маңғыстаудың жазының.
Үстінен жүргім келеді
Құмағы мен сазының.
Уәжімдесіп, бірлескен
Қазақты көргім келеді
Көбі менен азының.
Естігім тағы келеді
Шат-шадыман күлкілі
Сұлулардың назының.
Кемеліне келтірген
Халықты көргім келеді.
Еңбегімді елеулі
Халыққа бергім келеді.
Үйреніп елдің өнерін,
Шалықтай бергім келеді.
Өнердің асқар шыңына
Жалықпай ергім келеді.
Қабыл болса мұрадым,
Жабықпай ергім келеді.
Жетімдікті ұмытып,
Қамықпай ергім келеді.
Қаршығадай қанатты
Қалықтай бергім келеді.
Болашағын елімнің
Анықтай бергім келеді.
Қалың елім, қазағым,
Қала берсе, адайым,
Аталас, бәрің – ағайын.
Отыз екі жыл бұрын
Арқасында Советтің
Арылдыңдар азаптан.
Қөбің кедей шаруа едің,
Шықпай жүрген мазақтан.
Ойламаған Николай
«Шығар-ау, - деп, - бір нәрсе»,
Кәдімгі біздің қазақтан.
Шығып едің орынсыз
Адамшылық санақтан.
Жұлынып ең жұрдай боп,
Айрылып құйрық-қанаттан.
Шеткері жүрген ел едің
Оку-ғылым, талаптан.
Қой соңында жүруші ең
Азығыңа арқалап
Қыл аралас шалаптан.
Бүгіндері ел болдың,
Бостандықтың таңы атқан.
Есің кіріп, ер жеттің
Айрылмастай тағаттан.
Еңбек күнің қысқарды,
Өлшеніп сегіз сағаттан
Гүлстандай гүлдендің,
Мәңгі кетпес жаз атқан.
Туған жерім – Маңғыстау,
Балаңды мендей сағынттың.
Өмір берген өзіме
Әруағыңа табынттың.
Селк етпеген дұшпаннан
Жүрегімді бағынттың.
Қанатымды қатайтып,
Қыран құстай ағыттың.
Енді өзіңе келермін,
Ұлан-байтақ көлемің.
Басымды иіп өзіңе,
Сәлемімді беремін.
«Қарсы алар, - деп, - түлегін»,
Бесігіме сенемін.
Адырыңды аймалап,
Бауырыңа енемін.
Сенің үшін, туған жер,
Сөз сұлуын төгемін.
Қап-қап болған қара өлең,
Қаптың аузын сөгемін.
Қалың елім, қауымым,
Қайран туған ауылым.
Бөтенің жоқ мен үшін,
Өкпе, жүрек, бауырым.
Әлдеқашан жазылды
Жазылмастай жауырың.
Бейнеттің енді көрмейміз
Қиналарлық ауырын.
Жауапты іске жұмсадың
Жігіттердің тәуірін.
Күресетін палуандай
Кәдімгі қақпақ жауырын.
Төрт түлікке толтырдың
Ала қырдың сауырын.
Күнде – думан, күнде – той,
Салтанатты сауығың.
Бәрінде – қарқын, бәсеке,
Көтерген еңбек дауылын.
Осындайға жеткізген –
Социалистік дәуірің.
Бұрынғы көрген жерлерім –
Қарақия, Қауынды.
Жетібай, Айран көлі мен
Қаратау деген тауыңды.
Шөбі шүйгін ол жердің,
Малдары семіз, сауынды.
Шопан ата, Масаттың
Дүние салған бұрынғы
Айналасы қауым-ды.
Күздігүні бұл жерлер
Болатын елі жауынды.
Жас кезімде көргенмін
Жүретін көшкен ауылды.
Жайылған малды көргенмін
Жусанды қара бауырды.
Жігіттерді де көргенмін
Күдері сан, күпшек бел,
Аттарды мінген сауырлы.
Қанжығада жұмыры,
Қойшылар мінген жауырды.
Ол күндегі кедейлер
Көрмеген мұндай дәуірді.
Кірейін артып байлардың,
Ұйықтамай, салған сәуірді.
Өткен күнді көп айтпай,
Қойғаным енді тәуір-ді.
Сақалына ақ кірген,
Жасы жеткен шалдарым.
Өзімнен үлкен аға мен
Жеткіншек соңғы балдарым.
Өздеріңе өрнектеп
Азғана жырды арнадым.
«Әзірге осы болар» деп,
Әрегірек бармадым.
Жүздеріңді көрген соң,
Тарқамақшы арманым.
Орныққан соң айтармын
Сөзімнің асыл салмағын.
Дидарласқан сіздермен –
Есенғали саңлағың.
Қалам ұстап майысқан
Он бесімнен бармағым.
Түзетерсіз өздерің
Сөздердің шашау қалғанын.
Осы болды, ағайын,
Өзімнің туған жеріме
Сағынып келе жатып жазғаным.





Пікір жазу