ӨМІР ТОЛҒАУЛАРЫ
Абыройын алдырған
Айрылар атақ-даңқынан.
Бір зауалға жолығар
Көзіне ілмей басқаны,
Бос мақтанып, шалқыған.
Жалаңқия, жексұрын
Бастығының алдында
Қорғасындай балқыған.
Қара құс бүркіт бола алмас,
Қанатын жайып, қалқыған.
Қайыр көрмес түбінде
Қарғыс алған халқынан.
Қаны бұзық қарақшы
Бас пайдасын қамтыған.
60
Берекет болмас басшыда –
Айтқанын құптайтын
Ермесе халқы артынан.
Әзәзіл емей немене –
Тайса уәде-шартынан?!
Аяғын жөндеп баса алмас –
Жүйріктің асса шарқынан.
Өтірікші, өсекші
Бүлдіреді ел ішін,
Өрттей қаулап шарпыған.
Нәресте, сәби бала артық
Халықтың азған қартынан.
Парасатты дана артық
Ақылы тайыз, жартыдан.
Ауру-сырқау болмасаң,
«Жарлымын» деп жасыма.
Бақыт қонса басыңа,
Көңілің өсіп, тасыма.
Азғана дәулет, қызыл жүз
Келмеген кімнің басына?!
«Сөз білмейтін момын» деп,
Жазықсы жанды қасыма.
Қаны бұзық залымның
Жоламаңыз қасына.
Жолап кетсек маңына,
Пәле салар басыңа.
Мұратыңа жетерсіз –
Жақсының ерсең қасына.
Сөйлеген мақұл өлшеумен,
Әркімнің қарай тасына.
Бұл сөздерді арнайын
Көңілі ояу, көзі ашық
Кәріңіз бен жасыңа.
Білгеніңді аянып,
Бойыңды тежеп, бұлданба.
Сәл нәрсеге ісініп,
Ашуланып, тұлданба.
Өзімсініп, күш қылып,
Біреудің затын құлданба.
Бақытыңның сақшысы –
Абыройдан құр қалма.
Көпшіліктен бөлініп,
61
Өзіңнен-өзің ұрланба.
«Жігіттіктің сәні» деп,
Маңғазданып, қырланба.
«Сұм» дегізіп өзіңді,
Қаныңды тартып, сұрланба.
Қайырсыз болма халқыңа
Басыңда бақыт тұрғанда.
Сұраса, бер жауабын,
Көп іркіліп, ырғалма.
Ақ жолыңнан ауысып,
Адасып, босқа шырмалма.
Басыңда дәурен тұрғанда
Бақытыңа масықпа.
«Менен артық кім бар?» деп,
Мейманаңды тасытпа.
Еңбек етсең ерінбей.
Несібең кетпес қашыққа.
Берейін десе, тағдырдың
Қазынасы қашық па?!
Жерде қалмас еткенің,
Жақсының көңілін жасытпа.
Қиянат етсең басқаға,
Кетпейсің ұзап қашыққа.
Ақ-қараның бәрі бір –
Жетесі төмен жасыққа.
Күніңіздіі салмағай
Бықсыған сараң, сасыққа.
Және де жолдас қылмағай
Пейілсіз, арам, пасыққа.
Қаны бұзық залымнан
Болғаның мақұл қашықта.
Дәулетті болса қатарың,
Артық көріп, күндемең.
Кісіге пайда бермейді
Замандасын күндеген.
Бақыты ауса досыңның,
«Жамандығы оның» деп,
Шегеріп, босқа тілдемең.
Бола қалса сәтсіздік,
«Өмір-бақи түзелмей
Кететұғын мін» демең.
Қанша айтсақ та түсінбес –
62
Сөз мәнісін білмеген.
Бағынышты өзіңе
Буынсыз қызыл тіл деген.
Өсек айтып, өңештеп,
Құтырта бермең тілменен.
Менмендіктің белгісі –
Басқалардың сөздерін
Құлағына ілмеген
Бітеуліктің нышаны –
Езуін тартып күлмеген.
Бергенін білмей тағдырдың,
Барыңды «жоқ» деп, құрынба.
Шынға айналар өтірік –
Бастасаң жаман ырымға.
Бізден де бұрын сөз қылған
Әбубәкір, Сырым да,
Абыл, Ақтан, Нұрым да,
Нешелер тілді бұрын да.
Нәтижесі болмайтын
Бос орынға ұрынба.
Ақтың ісі – ақиқат,
Адасып, жолдан бұрылма.
«Артық пайда табам» деп,
Бөлініп көптен, жырылма.
Еңбек, ғылым – екеуі
Көзіңнің болғай қырында.
Дәйек тұта білмейтін,
Бола көрмең құбылма.
Дұрыс сөзді қош көріп,
Келгенің тәуір ұғымға.
Закон қуып, аңдыссаң,
Ұшырайсың шығынға.
Кісіге зиян етпеген –
Ең тазасы шынында.
Жанжалдасқан жамандардың
Арасына тығылма.
Аңдығанша біреулерді,
Жыртығыңды тығында.
Міндетіңді атқарып,
Болғаның мақұл тынымда.
Біреудегі нәрсеге
Араныңды ашып, сұғынба.
Ар-намыстан айрылып,
Алданбаңыз жұғынға.
Еленбейсің еліңе –
Біреудің жүрсең ығында.
Жағаласпа жауызбен,
Болмаса қару қыныңда.
Уәделескен сертіңнен
Өлгеніңше бұзылма.
Әншейінде әңгірлеп,
Орынды жерде мызылма.
«Керілген кербез болам» деп,
Құр босына сызылма,
Құмарланба, достарым,
Бояулы, беті қызылға.
Кем көрмеңіз қызылдан –
Болса татым тұзында.
Әдепті жігіт болғаның –
Ата-анаңды сыйласаң.
Алдына келер өзіңнің –
Көрсетіп жәбір, қинасаң.
Шырмаларсың сөзіңе –
Тіліңді тартып, тыймасаң.
Сараңдықтың салқыны –
Кажетіне досыңның
Сәл нәрсеңді қимасаң.
Ақылыңның кемдігі –
Ағайынға сыймасаң.
Абыройдан айрылдың –
Айылыңды жимасаң.
Делдуана болғаның –
Өсекті теріп, жинасаң.
Сезімің өсер артылып –
Алқаға түсіп, ширасаң.
Рия кетер сөздерің –
Сөз қадірін білетін
Зерделі жанға ұйымасаң.
Жақсы болса алғаның –
Орындалып арманың,
Жеткеніңіз мұратқа.
Сыйлы болсаң жарыңа –
Шыққаның биік қыратқа.
Әсем наз бен сыпайы,
Күлкісі келсе құлаққа.
Тұрса көзі күлімдеп,
Жанып тұрған шыраққа.
Бар нәрсеңді түгендеп,
Берсе жауап сұраққа.
Үлкен, кіші, замандас
Мін таба алмай, ұнатса.
Жабырқаған көңіліңді
Ақыл тауып, жұбатса.
Бөтен ойлы еркекті
Адалдықтан айнымай,
Әзілмен жығып, құлатса.
Нәпсінің ермей соңына,
Алғаныңмен тұрақта.
Ақылы кем наданға
Сыр алдырып, сынатпа.
Сүйіп алған жарыңнан
Кетпеңдер ұзап жыраққа.
Қайырлы болса қадамы,
Таза болса тағамы,
Жұбайыңның осындай
Сындырып сағын, жылатпа!
Жаман болса алғаның –
Қорлыққа басты салғаның.
Ағайынмен араз боп,
Жаманатқа калғаның.
Қиын болмақ жаманмен
Абырой-атақ алмағың.
Арқалайсың өлгенше
Бейнеттің ауыр салмағын.
Қосыла алмай қатарға,
Тістеулі кетер бармағың.
Жетесі төмен жасықпен
Тіріде бітпес арманың.
Бастырмайтын ілгері
Жаман қатын болады
Қозғалтпайтын қармағың.
Махаббатсыз – өмір бос,
Екіталай болады
Мейірленіп қанбағың.
Безіп кетер үйіңнен
Ағайын-туыс, жан-жағың.
Алмай тұрып аруды,
Ақылын өлшеп, талдағын.
«Сұлу ғой» дсп сұқтанбай,
Татымдысын таңдағын.
Сай келе ме өзіңе,
Абайлап қарап, аңдағын.
Әліңе қарай әділ ал,
Көтерсе қолың салмағын.
Тегін танып, тергеп ал,
Жақсылы-жаман аржағын.
Басыңды байлау жаманға –
Парызы емес Алланың...
* * *
Әділдік пен зұлымдық
Кездеседі өмірде.
Айтылып бұрын жүрсе де,
Көпшілік үшін мен де айттым
Жүрген ойды көңілде.