Асан қайғы, Қорқытқа
Асан қайғы, Қорқытқа
Ұлтарақтай көрінген
Қазақтың байтақ даласы.
Қамқоры болған елінің,
Келгенінше шамасы.
Айрықша жаралған
Адамзаттың баласы
Ақыл-айла таппаған,
Жанын сақтап қалуға
Жеткен күні қазасы.
Жасы ұлғайса, жақсының
Кетеді бастан мазасы.
Шүкірлік етіп барына,
Тәубе жасау – тазасы.
Қиянатшыл адамның
Сақтаулы тұр жазасы.
Жақсы менен жаманның,
Қараңғы менен жарықтың
Болып келед таласы,
Жазылмайды жарасы.
Білгендерге – екі елі
Өтірік пен шынның арасы.
Ақ та болсаң, қара етер
Жаманның берген парасы.
Жаман қазы тап болса,
Тергелусіз қалады
Ісіңнің ақ пен қарасы.
Төрт аяқты хайуанның
Сыртында болса аласы;
Екі аяқты адамның
Ішінде болар аласы.
Кесапатшыл жаманға
Ешкімнің болмас шарасы.
Жасыға азап тарттырар
Жаманның жапқан жаласы.
Өсекшіл адам құрысын,
Ол – шайтанның қаққан қадасы,
Ақ-қараны айырмас,
Жетпесе ақыл-санасы.
Шолақ өзен – тасығыш,
Кеңімейтін саласы.
Сөйлегеннің орынсыз
Төмендейді бағасы.
Тұрлаусыз болсаң – сорладың,
Өз басыңды қорладың,
Әркімнің болып табасы.
Қамқоры болар елінің
Жақсы атаның баласы.
Абыройы – әркімнің
Тіршілікте панасы.
Ақылды кісі азбайды.
Дариядай. мысалы,
Көкорай шалғын жағасы.