01.08.2022
  107


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Баға алмайтын біреуге

Баға алмайтын біреуге
Перзент бердің сыймайтын.
Біреудің алып жалғызын,
Іс еттің жанын қинайтын.
Өле-өлгенше жылаумен
Көзінің жасын тыймайтын.
Есепсіз бердің дәулетті
Қайыры жоқ сараңға –
Зауза қоңыз секілді,
Домалақ боқты жинайтын;
ЬІнсабы жоқ залымға,
Сәл нәрсесін қимайтын.
Бересің өлшеп несібе,
Ақ пейілді мырзаға –
Дастарханын жимайтын;
Туралап келген мейманын
Әулиедей сыйлайтын.
Қазылық қанша етсең де,
Ақылға жетпес ісің көп,
Таразыға сыймайтын.
Біреуге бердің келбетті,
Ай менен күннің нұрындай.
Біреуді еттің кеспірсіз,
Тілгіленген жырымдай.
Жуғанменен ағармас,
Бет әлпетті құрымдай.
Біреуге бердің шешендік,
Байбақты Датов Сырымдай.
Біреуге бердің ақындық,
Абыл, Ақтан, Нұрымдай.
Біреуге бердің әділдік,
Турасына кететін,
Бөтен сөзге бұрылмай.
Дүнияның тетігі –
Өнер менен ғылымда-ай.
Нәтижелі іс шықпас –
Қиындықтан қаймығып,
Біреудің жүрсең ығында-ай.
Еңбектен күт ырзықты,
Лауазымды кісінің
Қолтығына тығылмай.
Келелі кеңес болмайды –
Сөз мәнісін ұғынбай.
Жырдың сәні келмейді –
Мереке-сауық құрылмай,
Тыңдаушыға сөзім көп,
Ләззатты шекер, шырындай.





Пікір жазу