01.08.2022
  218


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Мұрын жыраудың туғанына 130 жыл толуына

Мұрын ата, мен өзім
Маңғыстауда туғанмын.
Жетім қалып әкемнен,
Көздің жасын жуғанмын.
Өлместің күнін көруге
Белімді бекем буғанмын.
Ашқұрсақ болып жүрсем де,
Ақындық жолды қуғанмын.
Отызыншы жылдары
Ашаршылық зарпынан
Көршілес түркімен еліне,
Жанғақтының жеріне
Жағдайсыздан кеткенмін.
Ерте есейіп, ес кіріп,
Қиындықтан өткенмін.
Айналайын ағайын,
Айтайын несін өткеннің?!
Ыссылы-суық өмірің,
Бәрін тастап соңыма,
Бұл күндерге жеткенмін.
Осыдан 40 жыл бұрын
Сәттіғұлдан бата алып,
Еліме» ақын» аталып,
Жыр нөсерін төккенмін.
Баспаларға бастырып,
Жыр сүйетін қауымға
Сөз ұрығын сепкенмін.
Жасырайын несіне,
Өлеңдерім ішінде
Алтыны бар, жезі бар,
Жібегі бар, бөзі бар.
Жаңсақ айтсам, жаңылып,
Сыншылардың тезі бар.
Сәті түссе, келетін
Өлеңнің аққан көзі бар.
«Киелі» дейтін өлеңді
Бұрынғылардың сөзі бар.
Алыстан аңсап мен келдім
Мұрекемнің тойына.
Ата-бабам мекені –
Маңғыстаудың ойына
Жыраулық пен зергерлік
Сеңгірбектің ұлының
Біткен тұла бойына.
Азғана сөзді арнадым
Ақпа-төкпе, әйгілі,
Жыраудың мұндай сойына.
Табыс етіп ол кетті,
«Қырымның қырық батырын»
Түгел сақтап ойына.
Болмағанда Мұрекең,
Осындай асыл қазына
Кеткендей еді-ау жойыла.
Сегіз қырлы, бір сырлы,
Асқан дана, зерделім.
Араладың жалықпай
Түркімен мен қалпақтың,
Казағымның жерлерін.
Әйгілі Ақтан, Нұрым мен
Қашағанға ергенің.
Үлгі тұтып оларды,
Ұстазындай көргенің.
Табаны қызған тұлпардай,
Құс төресі сұңқардай
Әруағың қозып, өрледің.
Әулиедей сыйланып,
Жақсы орынға төрледің.
Тау тағысы – қырандай
Қияға құлаш сермедің.
Жылағанды жұбатып,
Жабыққанды қуантып,
Алқалы жерде төрледің.
Дүниеге қызығып,
Байлыққа көңіл бөлмедің.
Шаршы топта шалықтап,
Алғысын алдың кезінде .
Аға менен жеңгенің.
Мүсәпірлерді мүсіркеп,
Көңілдерін делбедің.
Қамын ойлап халқыңның,
Намысты қолдан бермедің.
Жырларыңмен тірілттің
Қазақ пенен ноғайдың
Бұрынғы өткен ерлерін.
Ұлағатты жырыңмен
Көпті аузыңа қараттың.
Жаскелең мен Мұраттың
Алтындай асыл жырларын
Алты Алашқа тараттың.
Босқа өткізбей өмірді,
Өзіңді мыңға балаттың.
Өшпейтін мұра қалдырдың,
Тұлпарын мініп талаптың.
Көк серігі – қырандай,
Лашындай құрыш қанаттым.
Ұсталық пен зергерлік
Әкеңізден үйреніп,
Қылыш, найза, жекеауыз,
Түрлерін соқтың жарақтың.
Ата жолдан айнымай,
Татпадың дәмін шараптың.
Біз білетін қазақта
Сыпыра жырау болмаса,
Мұрындай жырау туған жоқ.
Киелі қиын өнердің,
Азапты жолын қуған жоқ.
Тәуекелге бас тігіп,
Белін бекем буған жоқ.
Ерлігін айтып ерлердің,
Шартарапқа шарқ ұрып,
Көңілдің кірін жуған жоқ.
Жүз де отыз жыл бұрын
Туыпсыз, ата, Кетікте,
Қазағымның бағына.
Еңбек етіп ерінбей,
Жұмысшы, шаруа тобына.
Он жетіге келген соң,
Келтірдің жырды бабына.
Дүйсенбай, Шамғұл, Әлқуат
Жырларыңды жаттады
Бәрі бірдей жабыла.
Үлгі тұтты өзіңді
Өзіңнің інің белгілі
Айтқұл жырау Жарыда.
Өле-өлгенше өттіңіз
Кір түсірмей арыңа.
Мұхиттай түпсіз тереңім,
Мүлт жібермес беренім,
Арғы түбің – аталас,
Туғанымдай көремін.
Шеберлердің қолы – ортақ.
Шешендердің сөзі – ортақ,
Асқан дана, шеберім.
Көз жеткісіз көруге
Толқынданған кемерің.
Өткірлігі сөзіңнің –
Ұшындай алмас жебенің.
Тарам-тарам болып тарады
Халқыңа ортақ өнерің.
Мұрын ата, мәңгілік
Жүрегінде елімнің,
Өлгенің жоқ, тірісің.
Жыраулардың кейінгі
Сыйынатын пірісің.
Халқың сүйген қадірлі,
Шайырлардың дүрісің.
Шалдырмаған шаңына,
Дүлдүлдердің бірісің.
Құйған құрыш болаттай,
Ыссы менен суыққа
Бұзылмайтын сірісің.
Алқалаған жиында
Өзіннің нәрлі сөзіңмен
Қандырдың құлақ құрышын.
Бейнелеп айтсам өзіңді,
Алатаудай айбынды,
Дос-жаранға қайырымды,
Өткел бермес ірісің.
Өзің жарлы болсаң да,
Еңбегің елге еленіп,
Кем болған жоқ ырысың.
Алғысын алып халқыңның,
Кеңіді кемел тынысың.
Арманың жоқ, ата-еке,
Кемеңгер қазақ елінің
Ұмытылмас ұлысың.





Пікір жазу