01.08.2022
  136


Автор: Есенғали Бөкенбаев

ХАЛЫҚ АҚЫНЫ СӘТТІҒҰЛ ЖАНҒАБЫЛОВТЫҢ ЕСЕНҒАЛИҒА ҚАЙТАРҒАН ЖАУАБЫ

Алаштан шыққан бөлініп,
Алшын деген ел едік.
Қиырдан келіп, қиянның
Жерлерін жүрген иеленіп.
Мал менен басқа жұрт едік
Жарыған, жақсы кенеліп.
Керегі үшін кентті ел
Ақша беріп, мал алған.
Патшалы жұртпен басымыз
Қатар өскен тең едік.
Аш-арық келсе алыстан,
Қазанымыз қайырлы,
Қарттарымыз зайырлы,
Бейілге де кең едік.
Жетімдер келсе жылаған,
«Шырағым», – деп шынымен,
Маңдайын сипап, жебедік.
Орынсыз иық көрсетіп,
Ақысын жұрттың жемедік.
«Ханды өлтірген қашқынға
Қайдан жүрсің?» демедік.
Айыбымыз бойдағы –
Оқу, білім, өнерге
Басқалардан кем едік.
Кете бермей кейінге,
Қазірдегі халықтың
Жағдайына келелік.
Партия жарық шам болып,
Ағарып атқан таң болып;
Осы күнде отырмыз,
Ру түгіл, ұлттардың
Ұлысына теңеліп.
Жер мен судың байлығын
Отырмыз қазір иеленіп.
Келмеске кетті кер заман,
Тозығы жетіп, көнеріп.
Біз Байұлы атандық,
Қондырған қоңсы жанына.
Руда ұран, пір болдық,
Қарсы жұмсап қаруын,
Қалалы жердің жанына.
Қайрат қылған қажымай,
Өз халқының қамына.
Ерлері болған елімнің –
Қарасынан қаймығып,
Келмеген дұшпан маңына.
Жүйріктер болған жүлделі –
Жан салмаған жарысса,
Шабуылдың шаңына.
Көпке дейін көнбедік,
Салық салса, бермедік;
Патшалыққа бас иіп,
Бағынбадық заңына.
Сөйтіп жүрген заманда
Тағдыр айдап тап қылды
Өмірдің өшпес шамына.
Компартия күн болды
Еңбекші елдің бағына.
Қараңғыны арылтып,
Жолықтырды елімді
Октябрьдің таңына.
Аямай қайрат жасады
Байтақ елдің бағына.
Толып жатыр әңгіме,
Айта берсем тағы да.
Адай деген ел едік,
Әруақ қонған арыдан.
Қасиетті халықпыз,
Қыдыр келіп дарыған.
Батырлық, байлық, береке,
Бәріне де жарыған.
Келінберді, Құдайке
Жұлына шықты парынан.
Қыс – Маңғыстау, жаз – Арқа,
Аса көштік үдеріп,
Заманның заңсыз сарынан.
Қауіпті болған халқымыз
Хандардың қатты қарынан.
Айрыла жаздадық аңсызда
Елдің намыс-арынан;
Сүйікті сұлу жарынан,
Ат пен атан, нарынан.
Жауларды жаншып, қайырдық,
Алғандарын айырдық;
Еліміздің ішінде
Ерлерімнің барынан.
Қармыс қаза табулы,
Жау қолында жылаған
Жесірлердің зарынан.
Жасасын көсем Ленин,
Құзғындардан құтқарған,
Шақы менен шарынан.
Сұрасаң, інім, сөз осы,
Жасы үлкен аға – қарыдан.
Көп жасаған көнеріп,
Заманым болды бүгінде,
Қайратым қайтып, қарыған.
Аяқтарым ауырып,
Арқаларым жауырып;
Денсаулық кетіп денемнен,
Ағзаларым арыған.
Бұл әңгіме – білгенге,
Өткен заман сарынан.
Есенғали, шығысың –
Атаң – Мұңал, Адайдың
Сегіз арыс бірісің.
Ер Бекет шыққан ішінен
Қасиетті пірісің.
Кетпес бақыт, кең пейіл,
Келе жатқан кірісің.
Болат, темір, боранға
Бұзылмайтын сірісің.
Кісі бойы, қол созым,
Қатарыңнан ірісің.
Ол – уәлилердін рухы,
«Шаттанады, - дейді шарғыда, -
Мадиықтаса өзінің,
Кейінгі қалған тірісін».
Мұңалдың ұлы – Бәйімбет,
Әли мен Жаулы, Жарысың.
Озса – Әлім, қалса – Байұлы
Ішіндегі барысың.
Екі жүйрік қосылса,
Біреуінің парысың.
Кешегі қанды майданда
Арпалысып, алысып,
Қорғадың елдің намысын.
Қалың шыққан қайраңға
Сабақтары айрылған,
Сабансыз сары тарысың.
Ауыр жүкті артатын,
Артқан жүкті тартатын,
Қасиетті Мұңалдың
Қатепті қара нарысың.
«Айтты, - депайып етпеңіз, -
Елдің ру-арысын».
Білектегі бес саусақ,
Сүйемнен ұзын қарысым.
Кәрі тарлан жыраудың
Айтқанының бәрі – шын.
Есенғали ініміз,
Жас ақын, жаңа жігерлі;
Іздесе бұлға табылмас,
Мысқалдығың мың алтын,
Сен – бір сирек дәрісің.
Бәйімбет атам баласы –
Райымберді, Сабытай,
Жақсылар шыққан ішінен.
Абырой тапқан ауылсың
Еңбегі мен ісінен.
Ел ішінде ерлердің
Сескенген дұшпан күшінен.
Сыр шашпаған сыртына
Қаусырма жақ, тісінен.
Батырлар болған байсалды,
Қаймықпаған кісіден.
Пайдаланған әлеумет
Қайраты мен күшінен.
Төрт жүз адам өлулі
Ер Төлептің өзінің
Найзасының үшінен.
Қарсы дұшпан қаймыққан,
Қараса тура түсінен.
Қарлы боран секілді,
Тоңғандай толқып, үсіген.
Төлептің туған шешесі,
Жерігіне жегені –
Қара бүркіт, күшіген.
Хорезмнің жерінің
Қашаннан қалың астығы.
Бітік шықса егіні,
Болмайды елдің аштығы.
Тәкаппар менен менменнің
Болушы, сірә, мастығы.
Жүзден астам жыл бұрын
Хорезмнен хан бастап,
Екі жүз елу қарақшы
Абайсызда ел шапты,
Бұл – Адайға қылған қастығы.
Екі жүз елу дұшпанды
Қырық кісі қуғанда,
Байбоз бенен Жанбоздан
Батырлар екен бастығы.
Доспанбет пен Майырған,
Есеттің ұлы Жайылған
Жаудан жесір айырған.
Қатын-бала, мал-мүлік,
Барлығын түгел қайырған.
Менменсіген дұшпанның
Жүрегі лоблып, шайылған.
Төленді, Қабыл, Ықылас,
Есенияз төртеуі –
Ақала шаһит Адайдан.
Осылардың ерлігі
Кем болған жоқ, білгенге,
Құнанорыс Шабайдан.
Қарақшыны қуғанда,
Қосылмайды басқа Адай,
Хабар тимей маңайдан.
Қалай шыдап, кім тұрар,
Жау қолында баратса,
Ауыл-аймақ қарайған?!
Төрт шаһитке сондағы –
Өлген дұшпан қырық-елу,
Үлеске тиген жастығы.
Азаматтың қайда да
Білінбей қалмас артығы.
Жақсы болса, жігіттің
Болады кімге жаттығы?!
Өнердің бірін «өлең» дейді,
Өлеңді де «өнер» дейді.
Дүниенің қызық, шаттығы.
Есенғали ініміз–
Жақсылардың бұрынғы
Абыройлы ақтығы.
Айту керек әркімнің
Болған дұрыс сарасын.
«Осал» деп ойға кім алар,
Байбоз деген ауылдың
Шалқыған көлдей шарасын?!
Мекен еткен бүгінде
Шағадамның қаласын;
Қоныстанған байырғы
Каспийдің шығыс жағасын.
Жас та болсаң, шырағым,
Соңғыларға – ағасың,
Абыройың артылып,
Ілгерілеп барасың.
Ебін тауып, сөзіңмен
Талайдың жаздың жарасын.
«Ақыны, - деп, - Адайдың,
Адай түгіл талайдың»;
Інісіне ағасы
Осылай береді бағасын.
Бір бұл емес, бұрыннан
Атаның үлгі ісі еді –
Жүйріктерін ылаған,
Семіздерін булаған.
Жығылғанда бас сүйеп,
Сынғанын сипап, сылаған.
Қамқорлығын жасаған,
Жетімдер келсе жылаған.
Осылай деп айтып жүр
Сені де сырттан сынаған.
Алпыс кісі азамат
Теңізден қаза тапқан күн;
Кайран халық, қарындас
Жанына жара батқан күн;
Қатын-бала қайғымен
Тұра алмай, үйде жатқан күн;
Күннің бетін бұлт алып,
Қара түнек жапқан күн;
Төсегінен тұрғыздың
Көңілін аулап сөзбенен.
Бұл – өзіңнің әдейі
Халқыңнан алған сыбағаң.
Әуелден де үмітті ем,
«Соңымнан ақын туар» деп,
Бір құдірет Құдадан.
Батамды бердім өзіңе,
Болған соң өзің сүйкімді,
Астана елге ұнаған.





Пікір жазу