01.08.2022
  113


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Сәттіғұл ақынға сәлемдесе барғанда айтылған сөз

Сәттіғұл аға, өзіңді,
Іздеп келдім алыстан.
Дидарыңды көруге,
Сөз зергері, данышпан.
Бұрын-соңды жоқ едім,
Кездесіп, сізбен танысқан.
Жыр арнасын ағытып,
Келесің танбай шабыстан.
Естігендер сөзіңді
Мейірлері қанысқан.
Өзіңнен үлгі алып жүр
Нешелер тілді шабысқан.
Жігер алып мен жүрмін,
Сәтеке, сіздің дабыстан.
Қалаулысы халқымның,
Айрылмаған намыстан.
«Сізге келді» деген соң,
Қаумалаған қалың ел
Құлағын түре қалысқан.
Өзіңізді әдейі
Іздеп келдім тағайын.
Жыр дүлдүлін көргенде,
Үндемей неғып қалайын?!
Жүрісіме түсінер
Айналада ағайын.
Қоныстанған бұл жерді
Кең етекті Адайым.
Қалмайын Сізден аянып,
Ортаға сөзім салайын.
Он бесімнен бері қарай
Алқаның көрдім талайын.
Сәтекемдей әйгілі
Ақыннан үлгі алайын.
Ағаның асыл сөздерін
Бал-шекерге балайын.
Шама-шарқым жеткенше,
Сөз кестесін салайын,
Сөз сұлуын табайын.
Сайраған жолды көргенде,
Шабыстан неге танайын?!
Сөзіме құлақ қойыңыз,
Жамиғат, жалпы маңайым!
Ортаңа келіп отырмын
Жаңғақтының жерінен.
Зауалынан заманның,
Кетіп едім жасымда
Маңғыстаудың елінен.
Есейген соң, ес кіріп,
Бата алуға мен келдім
Жырдың бұлақ-кенінен.
Мейірленіп қануға
Өлеңнің айдын көлінен.
Танысуға мен келдім
Бетегелі белімен.
Самаладай саулаған
Қоңыр салқын желімен.
Ұйымдасып, бас қосқан,
Маңғыстаудың елімен.
Аңсап келдім алыстан,
Сөздің тапшы шөлінен.
Берсеңіз үлгі ініңе,
Ақындықтың жөнінен.
Өле-өлгенше, Сәтеке,
Пір атайын Сені мен.
Келген жерім – сұрасаң,
Шағадамның қаласы.
Өріс алып, өрлеген
Өндірістің саласы.
Асау Каспий көлінің
Күншығыс бет жағасы.
Колхоздасқан ауыл бар,
Қаланың сыртқы даласы.
Жеті жүздей шақырым
Ол жер мен бұл жер арасы.
Аты-жөнім – сұрасаң,
Маңғыстауда мал баққан
Бөкенбай деген кісінің
Мен – немере баласы.
Жақсыларға жанасар
Болса кімнің санасы.
Тыңдаушысын ұйытқан
Сіздің сөздің сарасы.
Надандарға бәрібір
Сөздің ақ пен қарасы.
Сөз қадірін білмейді
Жігіттердің ішінде
Сөз танымас парасы.
Жансақ басса жақсылар,
Жаманның қанар табасы.
Жақсыға азап тартылар,
Жамандардың жаласы.
Абыройы – әркімнің
Тіршілікте панасы.
Інісіне ағасы –
Қызыл тонның жағасы.
Өлең сөздің арқауы –
Қол жеткісіз бағасы.
Артына сөз қалдырар
Ақынның Сіздей данасы.
Сәтеке, сізге айта алмас
«Сөзіңнің бар, - деп, - одасы».
Пайдаланған көпшілік
Келгенінше шамасы.
Ешкімнің болмас Сізбенен
Сөз жөнінде таласы.
Інілерге жарасар –
«Аға-әкелеп» ергені.
Кішілігін білдіріп,
«Аға» деп, сәлем бергені.
Ағаларға жарасар –
Ініге үлгі бергені.
Ақындарға жарасар –
Алқалы топты көргені;
Ердің ісін екі ауыз
Сөзбен шешіп бергені.
Ер жігітке жарасар –
Өзіне өзі сенгені,
Мұқатып, жауын жеңгені.
Басынан бақыт кеткені –
Жігіттің жауға көнгені.
Ар-намыстан айрылып,
Абыройын көмгені.
Ұстаған жерін жібермес
Қыран құстың шеңгелі.
Құмартып Сіздің сөзіңе,
Ақын інің шөлдеді.
Сәтеке, Сізге жіберді
Азаматтар елдегі.
Сізбенен дидарласуға
Ініңіздің келгені.
Есімді біліп, ер жетіп,
Ұшқанымда ұядан;
Биікте ұшып самғаған
Сізді көрдім қиядан,
Қос қанатын қомдаған.
Қырағысын қыранның
Келешекте болжаған.
Неше дүркін бәйге алып,
Құр қалмадың олжадан.
Жүйрігімсің жүлделі,
Шаршы топта толғаған.
Қамқорысың халқыңның,
Әулиедей қолдаған.
Ұстазыңыз – Қашаған,
Талайды тартып, домдаған.
Нақ шенескен адамын
Сөзбенен шенеп, жондаған.
Тәлім алған өзіңіз
Абыл, Ақтан, Нұрымнан
Ешбір ақын озбаған.
Әбубәкір Кердері
Сз қалдырып соңына,
Жүрек шерін қозғаған.
Асанқайғы, Қорқыттар
Нар маядай боздаған.
Пәле туып пәледен,
Ол заманда қоздаған.
Маңғыстаудың үш түбек
Борбайын кімнің созбаған?!
Кеше туып, ер жеткен
Алдыңдағы бозбалаң.
Қызылқұмнан кеткенмін,
Бандылар шығып әр жерден,
Болған кезде қозғалаң.
Ақиық сіздей ақынға
Сәлемдесе келгенім.
Арада ұзақ жол жүріп,
Түн ұйқымды бөлгенім.
Жігер бермек өзіме,
Ажар бермек сөзіме –
Дидарыңды көргенім.
Сіздің сөзден үлгі алып,
Сөзден өрнек тергенім.
Кішілігім білдіріп,
Сәлемімді бергенім.
Өзіңізді пір тұтып,
Соңыңыздан ергенім.
Шабытыма нәр алып,
Сөз түйінін өргенім.
Сөздерің – асыл мәңгілік,
Көрсеттің сөздің өрнегін.
Жаралғаннан бері қарай
Тарихты баяндап,
Топты жарып, ерледің.
Қара салып алдыңа,
Жанға бәйге бермедің.
Сөз зергерін өзіңдей
Басқа жерден көрмедім.
Табаны қызған тұлпардай
Жылдан-жылға өрледің.
Мәскеуде болып бір кезде,
Астананы төрледің.
Осымен сөзін доғарып,
Ініңіз мақұл көреді
Ағасы сөйлей бергенін.





Пікір жазу