ТОҒЫЗ ҚАЙЫҚ
Он екінші ақырап,
Олжалы болып он қайық,
Шағадамға жөнелген.
Балықты да көп алып,
Дүниеге кенелген.
Ералыда ау салып,
Үш жарым ай бөгелген.
Уақыты бітіп теңізде,
Ажалдылар көп өлген.
Арыздаспай, қоштаспай,
Қенжеғұл сынды жақсылар
Халқының камын жеп өлген.
Бекқали, Шүкір тумалас,
Еңсегеймен тең өлген.
Тәжінияз, Моллаартық,
Мәми мен Мәмед – төртеуі,
Ата менен бесеуі
Қол ұстасып жөнелген.
Мен – Есенғали шайырың,
Осыларды бәйіт етіп,
Берейін айтып өлеңмен.
Ақыраптың он үші,
Кәрі Каспий долданып,
Сұрапыл сүргін үрілді.
Көк толқындар жонданып,
Құбыладан бұлт шықты,
Қабағың түйіп торланып.
Теңіздің беті түнерді,
Тұманданып, сомданып.
Судың беті көпірді,
Тұңғиық терең орланып.
Көбігі көкке шарпыды,
Қарт бурадай қомданып.
Ерте шықты жағаға
Жалғыз қайық бөлініп,
Сапарын тағдыр оңғарып,
Қалғандары қайықтың
Айдалғандай сорға анық,
Қайықшыға сол күнгі
Ақырзаман болды анық.
Абың-күбің басталды,
Қалу үшін қорғанып.
Қайықтың алды іркілді,
Айыра алмай жолды анық.
Ақжармаға көміліп,
Қайықтан кетіп жорғалық.
Сол уақыттар болғанда,
Сәрсеннің ұлы Жалғасбай
Жарқылдаған алмастай,
Сөз сөйледі толғанып:
– Жігіттер, – деді, – саспаңыз,
Болмаса, қазір сорладық.
Желкендерді түсіріп,
Жәкір тастап, орналық.
Біреумізді-біреуміз
Шамамыз келсе, қорғалық.
Әлібегім, дайындал,
Желкеннің бауын қолға алып.
Таусылғанша деміміз
Теңізге пенде болмалық.
Әлі де Құдай оңғарып,
Басылар дауыл оңдалып.
Артымыздан бес қайық
Келе жатыр соң қалып.
Кідірейік соларға,
Себебі болып ажалға,
Қалармыз әлде қорғанып...
Түсіре алмай желкенін,
Тастай алмай жәкірін;
Көк толқынмен алысып,
Аянған жоқ жігіттер
Тілсіз жаумен қарысып.
Қосащыға жақындап,
Келіп қалды қайықтар,
Тізбек-тізбек жарысып.
Қорқыныш кірген біреу жоқ,
Көңілін бұзған, налысып.
Кідірмекші еді сәскеде,
Бегдашыға барысып.
Бірқатары қайықтың
Қосашының тұсында,
Кідірді жәкір салысып.
Келе жатты қылтылдап
Кенжеғұлдың қайығы,
Көк толқынмен қағысып.
Көршілерін толқын байқатпай,
Жігіттер көріп, білісті,
Мәштігінен танысып.
Үмітін үзбей өмірден,
Қимылдады аянбай,
Бармақтары қарысып...
Аласүрең басталып,
Теңіздің бетін сапырды.
Бұйраланған көк толқын
Жармаланып, жапырды.
Ішін тартпай, ышқынып,
Барған сайын күш қылып,
Туғызды заманақырды.
Қалапберген, Жайлаулар –
Жігіттер еді-ау батылды.
Жағаласып жандәрмен,
Көзден ұшқын атырды.
Тау-тау болған толқындар
Тыныстарын тарылтып,
Дем алғызбай қатырды.
Санаулы мезгіл келген соң,
Есінен танып, шатылды.
Төніп келген ажалға
Таппады айла-ақылды.
Бұлар мінген қайықты
Алдымен теңіз батырды.
Наурызбайдың Сатыбылдысы
Болыпты бұ да зақымды.
Ахмет, Алдан, Жұмалы,
Өздері суға секіріп,
Жағаға қарай атылды.
Демдері жетпей шығуға,
Үшеуінің денесін
Су түбіне жатырды.
Байбосынның Қосжаны
Бір-екі рет дауыстап,
Жолдастарын шақырды.
Аранын ашқан толқындар
Мұны да суға батырды.
Қосащыдан өткен соң,
Тоғыз қайық толыққан,
Түгелдей апат болыпты.
Сүйеден бергі жартасқа
Қайықтың көбі соғыпты.
Алпыс үштей жігітті
Құтырған теңіз обыпты.
Үш-төрт күнге созылып,
Аласұрып, обықты.
Қайықшының қан тартқан
Сапарына жолықты.
Шағадамнан моторлар,
Артынан іздеп, шолыпты.
Қарақұдық, Бозатта
Бұзылып шыққан қайыққа
Іздеушілер жолықты.
Қайықтарды көрген соң,
Хабарына молықты.
Сүйектерін тапқан соң,
Үмітінен торықты.
Ажал айдап бәрін де,
Бастатқан сәтсіз жорықты.
Қайықшының ішінде
Есжан екен ағасы.
Қатарына қадірлі,
Қол жеткісіз бағасы.
Көпке сөзі нанымды,
Айрықша ақыл сарасы.
Бағалай білген өмірді,
Артық екен санасы.
Артында қалды өзінің
Берді деген баласы.
Жақсылардың осындай
Тұңғиық, дүлей теңізден
Болған екен қазасы.
Мұрсасы да келмеген,
Қоштасуға шамасы.
Лажың жоқ тұруға,
Мойыныңды бұруға,
Керек етсе панасы.
Қазалының біреуі –
Қалдәулеттің баласы.
«Құдайдың ісі» десек те,
Оқиғаға осындай
Адамның келер наласы.
Жазылуы қиын ғой
Осындай істің жарасы.
Біреуінің артында,
Аңырап қалды анасы.
Біреуінің артында
Қалды қатын-баласы.
Кейбіреуден орын жоқ,
Қалмаған іні, ағасы.
Құданың салған ісіне
Кімдердің келер шарасы?!
Бағынышты өзіне
Аспан мен жердің арасы.
«Айрылар, - дейді, - маһшарда
Ісіңнің ақ пен қарасы».
Ілінбеген кімдерге
Өлімнің құрық ағашы?!
«Кеудеден жаның кеткен соң,
Ісіне қарай әркімнің
Берілер, - дейді, - жазасы».
Өлмей тұрып тіріде,
Құлшылық етіп Құдайға
Тәубе қылу – тазасы.
Құр қалмаған өлімнен
Біздер түгіл бұрынғы,
Расулы Мұхаммед,
Адамның асыл данасы.
Қайда кеткен өлмесе –
Кісінің ата-бабасы?!
Түсінгенге мағлұм,
Алыс емес әркімге
Пәни мен бақи арасы.
Тайғанап, мұзда жүре алмас –
Атыңның сынса тағасы.
Тіреуінен айрылған –
Жігіттің өлсе ағасы.
Қанатынан қайрылған –
Жігіттің өлсе баласы.
Әкесі өлсе жігіттің –
Жел жағынан құлаған
Асқар таудай панасы.
Тартылады құрдым боп,
Өміріне нәр берген,
Жігіттің өлсе анасы.
Түп етектен зор түссе,
Айрылар тонның жағасы.
Дария суы тартылар,
Бітіп қалса сағасы.
Әркімнің өтпек басынан
Дүние-керуен қалашы.
Кешегі барлар – бүгін жоқ,
Өлшеу беріп қарашы.
Ғибрат алып түсінер,
Жетсе кімнің санасы.
Өзекті жанға – бір өлім,
Ешкімнің болмас таласы.
Біреулер ерте өлгенмен,
Біреулер өлер кешейіп.
Баяны жоқ пәнидің
Жоғына сабыр етейік,
Барына «шүкір» десейік.
Бесіктегі жас бала
Тірі болса мұрсатта,
Жігіт болмақ есейіп.
Алланың қысқа өлшеуін
Ұзартып қалай кесейік?!
Өзіміздей адамның
Біз айтқанмен бола ма,
Тағдырын қалай шешейік?!
Алланың салған ісіне
Қарсылық етіп не етейік?!
Айтып жүрер артымыз
Сөз қалдырып кетейік.
Дүние – түлкі, мысалы,
Қуып қалай жетейік?!
Адалдықпен өлгенше,
Азаматтық парызды
Қолдан келсе өтейік.
Сағаттай соққан жүрегің
Бір күні тоқтап, кідірмек.
Қаусырма жағың қарысып,
Сайраған тілің мүдірмек.
Зәредейін кідірмей,
Ажалына әркім жүгірмек.
Қанша жорға болсаң да,
Аяғың ақсап, сүрінбек.
Мезгілің болмай кей кезде,
Көтеріліп іргең, түрілмек.
Тар лақатқа барарсың,
Тұрсаң да қазір дүрілдеп.
Ойлағанмен қиялың,
Ажалың тұрар күлімдеп.
Өмірің – шөлмек сияқты,
Қауіп ететін күнің көп.
Қанша асау болса да,
Өлімге пенде бүгілмек.
Кімнің жақсы-жаманы
Маһшар күні білінбек.
Жаман ат пен жақсы атқа
Аузынан адам ілінбек.
Қанша тағат етсең де,
Бойыңда жақпас кірің көп.
Кешірмесе бір Алла,
Одыр-бұдыр мінің көп.
Алланың салған ісіне
Жасымайық жабығып.
Өлгенге пайда бермейді –
Жыласа тірі қамығып.
«Жақсыларға тұр, - дейді, -
Сегіз жұмақ салынып».
Нұрландырар жүзіңді,
Ішінде шырақ жағылып.
«Үрдің қызы тұр, - дейді, -
Лағыл, маржан тағынып».
Керегіңнің бәрі сай,
Бір орыннан табылып.
«Имандылар жүр, - дейді, -
Асылдан мелле жамылып».
Ата-бабаң, дос-жарың
Қарсы алмақшы жабылып.
Өлгенге сабыр етейік,
Құдіретке бағынып.
«Орынсыз көзің суласаң,
Болады, - дейміз, - тағылық».
Жылағаннан не бітер,
Өлген жанға табынып?!
Онан да тәубе етейік,
Жаратқанға жалынып.
Жарылқағай алдынан,
Жақсы орынға алынып.
Бейіштің кәусар суына
Жүре бергей қанығып.
Әңгіме еттім білгеннен,
Жазғаным емес жалығып:
«Дәтке қуат болсын, - деп, -
Жүргенге көңілі жабығып.
Көкірегі қайғылы,
Іс түскенге налығып».