МОНШАҚ-ТҮЙІН
(Афоризмдер)
Әкімге жақын күш алып жүреді,
Әділін айтқан тұсалып жүреді.
Өтірікші айласын асырады,
Турашыл ұйқысын қашырады.
Көре алмаған көсемінен безеді,
Шайтанға ерген төсегінен безеді.
Заманым нарық болды,
Саудагер қарық болды.
Ұшқан құстың бәрі қыран емес,
Жорғалағанның бәрі жылан емес.
Көрік – көзде,
Асыл – сөзде.
Құдай – ұлы,
Пенде – құлы.
Күн мен түн жарысыады,
Ақ, қара ауысады.
Жарлы тапқанын ішеді,
Бай жаққанын ішеді.
Жүрегінде оты жоқтың – жылуы жоқ,
Ұмтылған адамға – істің қиыны жоқ.
Аспан көркі – жұлдыз,
Адам көркі – ұл, қыз.
Ырысты адам – тынысты,
Қуысты адам – жымысқы.
Аңқау аңқылдап тұрады,
Зымиян бақылап тұрады.
Жақсылар жарығын түсіреді,
Жамандар жарығыңды өшіреді.
Аспанның шегі жоқ,
Сатқынның тегі жоқ.
Айлакер жолын тауып, тақ қуады,
Ондайға аңқау елді тап қылады.
Тәубешіл торықпайды,
Турашыл қорықпайды.
Ісін жарыта алмаған –
Өзін таныта алмайды.
Ұлт – ұрансыз болмайды,
Адам – қиялсыз болмайды.
Ақшаға жақын арын былғайды,
Нәпсіге жақын қанын былғайды.
Ақшаға жақын арын сатады,
Араққа жақын барын сатады.
Ұлтты тілінен танисың,
Кілемді түгінен танисың.
Ағайын – адассаң, жол көрсетеді,
Байысаң, қыр көрсетеді.
Көңілі ашықтың – күлкісі шынайы,
Ғашықтың – түр-түсі шынайы.
Балдаққа сүйенген еңкейіп жүреді,
Араққа сүйенген сүйкеніп жүреді.
Қорқақ бұғып жүреді,
Ық жағыңа ығып жүреді.
Құлқынның жетегіне ерген –
Түлкінің кетегіне кіреді.
Мір оғындай сөзі,
Ұқсамайды өзі.
Өткір сөз, буынсыз тіл – шешендікі,
Өрісті ой, батыл қадам – көсемдікі.
Алла – жан иесі,
Үкім – ар киесі.
Қырағы әкім – халқына жақын,
Сыралғы әкім – нарқына жақын.
Есепшіл адам – парақор,
Өсекшіл надан – жалақор.
Бала сүйдіреді,
Жала күйдіреді.
Ананы сыйлау – адамдық қасиет,
Нәпсіні тыймау – арамдық қасірет.
Шаншу – дерт,
Ашу – өрт.
Әккі адам айлалы келеді,
Орнықты адам жайдары келеді.
Арақ адамды аздырады,
Көрін өзіне қаздырады.
Маскүнемге сенуге болмайды,
Жұдырыққа көнуге болмайды.
Бағасыз – маскүнем болады,
Санасыз – таскерең болады.
Көп ойнаған секіріп жүреді,
Көп ойлаған өкініп жүреді.