КӨЗТҮРТКІ
Сабағын дұрыс оқымай,
Таранып жүрді тотыдай.
Жанарды ерте есейтті
Тұтанған сезім шырпыдай.
Достары айтты «Жассың» деп,
«Жиырмадан жасың ассын» деп;
«Оқуың керек, білім ал,
Басқа ой бастан қашсын» деп.
Айтса да, қанша ұқпады,
Ұятын ойлап, ықпады.
Ынтығып жүрген ғашығы
Көңілден бірақ шықпады...
Қыдырып Жанар күн-түні,
Көбейтіп жүрді күлкіні.
«Ағай» деп жүрген Жарыдан
Жүкті боп қалды бір күні.
Аузының сүті кеппеген,
Он беске жасы жетпеген;
Мектепте жүрген оқушы,
Жағдай болды күтпеген...
Хабарсыз кетті «Ағасы»,
Басының түсті бағасы.
Мектептен алды шығарып,
Ұялған ата-анасы.
Жүрсе де көйлек кең киіп,
Қарыны шықты шермиіп.
«Тілекем қызы... солай» деп,
Өсектеп жүрді ел біліп.
Бір күні толғақ басталды,
Жарыққа шықпақ «бастаңғы».
Тынымсыз құрттай тіршілік
Көрмек боп ашық аспанды.
Жүгіріп кірді сарайға,
Көрінбеді ешкім маңайда.
«Айқайшы» келсе, мақсаты –
Өшіру үнін қалайда.
Толғатып жатты тістеніп,
Өзіне өзі күш беріп.
Шыр етіп түсті шарана,
Кесілді кіндік тістеліп.
«Құтылам енді сенен», - деп,
«Ана боп қалай жүрем?!» деп;
«Боларсың пәле басыма,
Әлі де қызық көрем», - деп;
Құрсақтан шыққан талпынып,
Тіршілік иесі – талшыбық
Анасының астында
Қан болып жатты жаншылып.
Жарыққа шыққан құлшынып,
Нәресте өлді тұншығып.
Қара жердің үстіне
Күнәһар қалай жүр сыйып?!
Болмады Жанар күткені,
Қызығын Алла шектеді.
Белгілі елге қадірсіз,
Көзтүрткі болып өткені.
Ішінен шыққан шарана
Бәрінен қымбат анаға.
Жылан боп іштен шықса да,
Еміренбей ме бар ана?!
…Жар сүйіп, бала көрмеді,
Ақ күшік болды ермегі.
Он беске келмей жоғалған
Оралып жастық келмеді.
Ойнақтап жүріп, от басты,
Тез күлді, ерте қоштасты.
Қосағы да жоқ, ошағы,
Алжыған кемпір ақ шашты…