01.08.2022
121
СӨЗІ МЕН ӨЗІ
Өзіңді жүргеніңмен дана санап,
Көп жаннан кісілігің аласарақ.
Біреулер сені сырттан ғайбаттаса,
Мен сені жүретінмін арашалап.
Әркімді өз ортасы бағалайды,
Арманды алдамшы үміт жаралайды.
Ағалай алмағандар өз ағасын
Жарбаңдап, кісі ағасын жағалайды.
Жамандап жатыны бір туысыңды,
Білмепсің қайын жұртпен сыйысуды.
Олардан аулағырақ жүргеніңмен,
Білесің «жақсыларға» жұғысуды.
Есімде іздеп келіп, жолыққаның,
Сөзіңе қабыспайды қылықтарың.
Алдымды кесіп жүрсің мысық болып,
Ықылас-ниетімнен қорықпадың.
Білемін, ол кезде мен керек едім,
Сондықтан ілтипатың бөлек еді.
Жүреді анда-мында ұшып-қонып,
Адамның құс қанатты көбелегі.
Сенгішпін айтқан сөзге, баладаймын,
Достыққа – кеудем ашық, даладаймын.
Белімнің иілмейтін дімкәсі бар,
Сен құсап май табанды жаламаймын!