01.08.2022
168

ЖҰЛДЫЗ ДЕЙТІН ЖАРҚЫРАЙДЫ ТӨБЕДЕ
Көрінгенді ел бесігіне бөлемес,
Ей, адамдар, заманамен төрелес!
«Жұлдызды елміз» десек-тағы қаншама,
Ұлбосындай жұлдызымыз көп емес.
Сөнбес жұлдыз – ұлы мұрат, үмітің,
Еңбек еттің бел шешпестен күні-түн.
Кәсіптің ең ауыр түрін таңдапсың,
Тайсалдырып қазақтың көп жігітін.
Үлес қостың көркейтуге Ақтауды,
Кәсібіңмен елге ұнаған, мақтаулы.
Мәрт мінезің, азаматтық келбетің
Талайлардың жүрегінде сақтаулы.
Кір жолатпай келбетіне арыңның,
Маңғыстауға моншақ болып тағылдың.
Қарлығаштай қалқып шығып аспанға,
Бар қазаққа іскерлікпен танылдың.
Іскерлігің, кісілігің – өнеге,
Ғасыр жаса, алғыстарға бөлене!
Сенің орның төмен емес, Ұлбосын,
Жұлдыз деген жарқырайды төбеде.