ҚҰТТЫ БОЛСЫН ЖАС ОТАУ!
(Тұщыбекұлы Даниярдың үйлену тойына жыр-шашу)
Келбеті көркем, өнердің биік шоқтығы,
Туысқандығын ертелеу бізге ұқтырды.
Қуанып, тасып отырар еді-ау ән шырқап,
Ортайтып тұр-ау Тұщыбек қайным жоқтығы.
Бүгінгі тойда еске алмау оны мүмкін бе?!
Әкесін асқар тауындай көрер кім-кім де.
Жете алмай кеткен жолдарын жалға, Данияр,
Ұқсастық бар ғой әкеңе келбет, көркіңде.
Аяулы әкең жүрмесе-дағы арада,
Қамқоршы саған ағайын, туыс, бар аға.
«Өшкенім жанды!» деп, келіп отыр қуанып,
Ақ бата арнап 70-тен асқан Ана да.
Ақ Данияр!
Баянды болғай қосағың!
Жарыңмен бірге ұл-қызға толғай құшағың!
Шаңырағыңнан шаттықтың күйі төгіліп,
90-нан асыр Қосбармақовтар ошағын!
Орындалды аңсаған биік армандар.
Заңды неке құжатын бүгін алғандар.
Осы күнге жеткізген Алтын анаңның
Жанына енді кіреуке, салмақ салмаңдар!
Өмірлеріңнің өнеге етіп әр бетін,
Ұқыпты ұстап Алланың берген дәулетін;
Көбейте берің үлгілі ұл-қыз өсіріп,
Қосбармақов пен Тұщыбековтер әулетін!
Отауларыңда ынтымақ, бақыт орнасын!
Қуаныш көп боп, туыс, дос жылда тойласын!
Тілегімізді киелі мекен Маңғыстау
Әулиелері, Піріміз Бекет қолдасын!