01.08.2022
  92


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЕРМЕК ӘНЕСҚЫЗЫНА

Таныстық біз екеуміз көрші болып,
Бір корпус екеумізге енші болып.
Екі есік арасында кіріп-шығып,
Балалар жүрді делдал, елші болып.
Екі үйдің азаматы құрдас болды,
Екі үйдің әйел заты сырлас болды.
Бәрінен сен жақындау жүрдің маған,
Болса да қанша сыйлас жолдас, құрбы.
Оқыстан мен жарымды жоғалтқанда,
Сен едің алғаш келіп жұбатқан да.
Сен жауап тауып жүрдің, асыл досым,
Шешпеген басымдағы сұрақтарға.
Басыма түскен кезде түрлі қыспақ,
Сен жүрдің жүрегіммен бір тыныстап.
Танылып жақсы ортада жүргеніңде
Сен мені жүрдің, досым, алдыңа ұстап.
Сен менің жүрдің байқап жоқ-барымды,
Шын тілеп шырғалаңнан шыққанымды.
Білемін кірпияздау, қатпар-қатпар
Көңілімнің кілтипанын ұққаныңды.
Жақсылар жанға шуақ төгеді екен,
Бар-жоқты өзіңмен тең бөледі екен.
Алаңсыз сенім артып жүру үшін
Өзіңдей достар ғана керек екен.
Достықтың құдіретін сезіндім мен,
Адаспас жолға түсіп өзіңменен.
Уақыт, кедергілер түскенменен,
Арада жібек арқан үзілмеген.





Пікір жазу