01.08.2022
  100


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҰЛЫ ӨТКЕЛДЕ

(Қазақтың «айғыржал» қызы Айкүміс Досановаға)
Қашанда сені көріп биіктерден,
Қарап кей еркектерге, күдіктенем.
Жұқалтаң іс қимылы, майда-шүйде,
«Әйел ме, - деп қаламын, - бөрік киген».
Өзен мен жылғалардың ағысы бір,
Бағыты екеуінің – алыс үңгір.
Тағдырдың тайғанақ мұз айдынында
Қыздар мен еркек орны ауысып жүр.
Шығармас жасықтарды сүйреп төрге,
Шындықтың тұғыры асқақ ұлы өткелде.
Аман жүр, айналайын, тіл мен көзден,
Тап болма пиғылы арам ниеттерге!
Жүр, қалқам, түн сұлуы айдай болып,
Қыздардың көркін ашар маңдай болып!
Аша бер көңілдерін күңсігеннің,
Сүт құйған «индиский» шәйдай болып!
Басталар кішіліктен үлкен істер,
Өмір ғой самғау менен кідірістер.
Маңғыстау даласының ару қызын
Жүргей де желеп-жебеп ұлы күштер!





Пікір жазу