НИЯЗДЫҢ ПАЙҒАМБАР ЖАСЫНА ШАШУ
Құтты болсын 63-ші көктемің,
Қасиетті Пайғамбар жасқа жеткенің!
Руың Беріш – Исатай, дүлдүл Махамбет,
Әулие, батыр Құлбарақ шыққан текті елің.
Наурыз келді қызғалдақ қадап белдерге,
Жастығың қалды алыстап кеткен күндерде.
Амалдың ақша қарындай таза пейілді
Шағала-көңіл шаттығын берсін сендерге!
Ата қырандай желпініп жаның бүгінде,
Отырсың шалқып, немере сүйіп төріңде.
Хан-Сұлтаның да 3 жасқа жетті шапқылап,
Қуаныш сыйлап Досан мен Гауһар келінге.
Жоғары тұрсын жарығы сөнбей жұлдызың,
Көбейе берсін, жапырақ жайып ұл-қызың!
Өзіңмен бірге қызығын көрсін ұрпақтың
Дәмелхандай – көркіңді ашқан құндызың.
Шаңырақ құрып, бақытын тапқан өзіңнен,
Асықпай жүріп, өзіне біткен төзіммен;
Отбасындағы береке, бірлік арқасы –
Көремін әркез жып-жылы күлкі жүзіңнен.
Жаратқан Ием қоспасыз құйған санасын
Дәмелхан, сенің Қилекең – туған нағашың.
Мәрт мінездерін ұқсатам кейде мен саған,
Жарастыратын ағайын-тума арасын.
Өрісін жайсын Хан-Сұлтан, Досан, Асандар,
Сендерге арнап ақ тілек-жырды шашам бар!
Шөпшектеріңнің алақанынан су ішіп,
«Алтын той» менен «гауһар тойды да» жасаңдар!