60 ЖАС ҚҰТ ӘКЕЛСІН БОСАҒАҢА!
(Рысхан Қосуаққызына)
Шайырда сен де тудың, мен де тудым,
Әкеміз ағайын, дос, өзің – құрбым.
Сондықтан болар, көріп, кездескенде
Ылғи да бүйрегіңді бұрып тұрдың.
Әкеміз жасы қатар, құрдас еді,
Анамыз тағдыры ұқсас, сырлас еді.
Аналар тылда ауыр еңбек етті,
Әкелер фашистерден қорғаса елді.
«Маңдайдан шертіп жүріп», таңдап барған
Жан жарың – ағайын жұрт ардақтаған.
Тойында арнайы тост беруші еді,
Ерекше құрметпен арнап маған.
Белгілі Жары аулының Тұрары еді,
Беделі көп кісіден жоғары еді.
Мәңгілік мекеніне сапар шекті,
Бетке алып қоңыр салқын құба белді.
Сияқты жез құманға алтын қақпақ,
Келесің ән-ғұмырын, салтын сақтап.
Бибігүл әнші апаң саған берді
Серінің «Гауһартасын» аманаттап.
Асқақтап жүрсе де әнің Алатауда,
Бұйырды туған жердің дәмі-тұзы.
Шығарып ұл-қызыңды Тұрар-тауға,
Аман жүр, Маңғыстаудың ару қызы!