АДАЙ ӘНІН ӘУЕЛЕТКЕН
(Күріш Тасболатов ағаның мерейтойында оқылған өлең)
«Түбі бір сөз атасы – Майқы» дейді,
Біздің ел сал-серісін «қайқы» дейді.
«Ән-күймен шөлді басу, көңілді ашу –
Тегі Адай қайқылардың салты» дейді.
Дәстүрін қайқылардың алға ұстаған,
Үш қайқы шықты кейін Маңғыстаудан.
Бірі – әнші, бірі – күйші, бірі – жыршы,
Саз-өнер үзеңгісін қағыстырған.
Ішінде әншісі бар Күріш деген,
Даусын исі қазақ тегіс білген.
Үнінде кең Каспийдің сарыны бар
Толқынын көмкерген көк пүлішпенен.
Лекітіп көмейден ән құлатасың,
Әруағын қайқылардың оятасың.
Қыран-ән асқақтатып Алатауға,
Биіктен сорғалатып құлатасың.
Құштарлық бойға біткен күш, талабың,
Қонатын тұғырыңды тұспаладың.
Іздедің сырлы әлемнен сиқырлы саз,
Қондырып көкірегіңе құстар әнін.
Намысты ұл-қызы бар бұл даланың,
Өн бойы – толған арман, толған ағын.
Бес жаста домбыра ұстап Күріш аға,
70-ке әнін созған арда дарын.
Әнші аға Адай әнін әуелеткен,
Қазаққа «Жеті қайқы» әні жеткен.
Құбылтып әдемі ырғақ, сұлу сазды,
Моншақтай мөлдіретіп зерге төккен..
Жалғасын «Жеті қайқы» қайта тапты,
Биікте Адай-әндер қанат қақты.
Қалықтап жас әншілер ән-әлемге,
Айналып ізгілікке бара жатты...