01.08.2022
  302


Автор: Айсырға Қилыбаева

ӨЛЕҢ ЖАЗДЫМ СОЛ КҮНІ

(Ұстазым Есенбай Шолтановқа)
Алғаш өлең арнадым
Қыста жауған ақ қарға.
Ақ мамамды сағынып,
Интернатта жатқанда.
Ойыннан да көбірек
Үйір едім кітапқа.
Суық торғай қалбақтап,
Отыратын бұтақта.
Соны көріп өзімше
Өлең етіп құрадым...
Ойда жоқта бір күні
Көріп қалды мұғалім.
«Дәптердегі «құпиям»
Қала ма, - деп, - ашылып?»;
Матрастың астына
Жүруші едім жасырып.
Тығып төсек астына,
Орнымнан тұрмадым.
Ағай:
- Тұр! - деп бұйырды.
- Кәне, не зат ұрладың?
Қалды ұрлығым ашылып,
Бірақ ағай сөкпеді.
Күліп қойды қолпаштап:
- Ақынсың ғой, - деп мені.
- Жаман емес жазғаның,
Талабыңа нұр жаусын!
Ақын болу – балақай,
Шығаратын жан даусың.
Талаптансаң, түбінде
Мақсатыңа жетесің.
Арманыңнан бас тартсаң,
Өкінумен өтесің.
- деді ұстазым біртүрлі
Жанарына ой тұнып…
…Өлең жаздым сол күні
Дәптерімді толтырып…





Пікір жазу