01.08.2022
  80


Автор: Айсырға Қилыбаева

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМ ТОЛДЫ 20 ЖАСҚА

Әр халықтың өз тілі, дәстүрі бар,
Қайта жасап, жаңғыру, пәс күні бар.
Бабам жолын бастаған Ұлы жолды
«Ақтабан шұбырынды» – басты мұнар.
Кезді ел ішін зұлымдық, әлеметтер,
Таппастайын тірі жан әділет дер.
Жалмап жатты шетінен арыстарды
«Халық жауы» дейтұғын мәліметтер.
Қияметтер кетер ме ел есінен,
Тарихтың үңілген белесінен?!
Шыңырауға шым батқан зиялылар,
Аударылып ақиқат кемесінен.
Сұм дәуірдің қатыгез өткелінде
Талай тұлға жоғалып кетпеді ме?
Шындық кетті найзасын көкке сілтеп,
Жалғандықтың оранып шекпеніне.
Заманаға кер кеткен далам сұлап,
Қоятындай бұл күнде ғалам сұрақ.
Өлі төзбес тозақтың тұтқынынан
Қалай шықтың дін аман, адам, шыдап?!
Жаралы өмір тарихтың беттерінде,
Қайта оралды оралмай кеткенім де.
Ата-бабам аңсаған Тәуелсіздік
Көк байрағы желбіреп жетті, міне!
Қайыспас қара нардай жүректі елім,
Түсірмей, көкке еңсе тіреп келдің.
Жиырма жыл Тәуелсіздік тұғырында
Жетіліп, өсіп жатыр түлектерің.
Толғанып, жырыңды төк, далам, бүгін,
Әлемге көгершіндей таралды үнің.
Тәуелсіз Қазағымның даласына
Қырмызы қырқалары тағар гүлін.
Тәуелсіз елім толды 20 жасқа,
Бұл күнде қоғам басқа, заман басқа.
Төгілтіп күйіңді тарт, жырыңды төк,
Қазағым дастархан жай, тойды баста!





Пікір жазу