01.08.2022
  117


Автор: Айсырға Қилыбаева

АЙСӘУЛЕ АНА

Әлдилеп, әлпештеген, аялаған,
Анадан бар жылуын алады адам.
Ұрпақтың асылдығын, жасықтығын
Ананың ақ сүтімен бағалаған.
Жайқалған жаңа өскін құба талдай
Өсе ме күн нұрынан қуат алмай?!
Айтылса Маңғыстауда Әбіш жайлы,
Қалмайды Айсәуле ана бір аталмай.
Айтады ел еңбектегі ерлігін де,
Айтады пейілінің кеңдігін де.
Көріпті жарлықты да, байлықты да
Жасаған бір ғасырдай тірлігінде.
Ана жесір, сәбилер жетім қалып,
Жатқанда соғыс-опат дертін жайып
Айсәуле анасының құшағында
Ер жетіп, есі кірген Кекілбаев.
Қазаққа ұл сыйлаған асыл ана,
Өмірі жалғасатын ғасырларға.
Кетті ол ұлын елге аманат қып,
Жүзін туған топырақ жасырғанда.
Әбішті қазақ емес оқымаған,
Даланың жусан исі бұрқыраған.
Бітелген «шыңыраулар» көзін ашып,
Тарих тұлғалары қайта оралған.
Аспаннан «Бір шөкім бұлт» кертіп алып,
Туған жер топырағын тұмарлаған.
Гүрбелжін әйел арын асқақтатып,
Тағдыры Зухраның мұнарланған.
Сәлемін әр ауылға таратуда
Хаттар жүр керуен «Құстар қанатында».
Әлемдік классикті мүдірместен
Сөйлетіп өз тілінде ол алатын да.
Сыйғызған сан ғасырды санасына,
Дәуірдің заңғар ұлы, данасы да.
Құнарлы топырағына алып келіп,
Тұрғызды бір мұнара анасына.
Әкелді ұлың туған мекеніңе,
Қаратау – Отман шоқы етегіне.
Әкенің қанын сақтап, ақ сүт берген
Өлшеусіз еңбегіңнің өтеуіне.
Анасы Әбіш атты тұлғалы ұлдың,
Жасаған ұлына арнап бар ғұмырын.
Жатыр ол мәңгіліктің отауында,
Дәлелдеп аналардың ұлылығын.
Өмірің өнегемен салған өрнек,
Мәңгілік орның жатсын нұрға бөлеп!
Ұлтының мақтанышты ұрпақтарын
Жатқайсың әруағыңмен желеп-жебеп!





Пікір жазу