01.08.2022
  308


Автор: Айсырға Қилыбаева

БАЛАЛАРЫМА ӨСИЕТ

Мен өлгенде жылама, балаларым,
Мен орнымды пейіштен таба аламын.
Көз жасымен көл жасап Ащыағардай,
Алла сынын көтерген аналарың.
Мен – Алланың сүйікті үмбетімін,
Ғажап емес маһшарда төрге өтуім.
Мен пейіште тәтті ішіп, гүл күтемін,
Көп тозаңын жұтқанмен жер бетінің.
Білем, арыз айтуға хақым барын,
Мен Аллаға бір табан жақындаймын.
Бұл дүниеден жинаған ақпарым көп,
Жазып қойған жолдаусыз хатым дайын.
Алла сынақ береді сүйгеніне,
Біреулер мәз жалғанда күлгеніне.
Бар әлемді билеуші әділ қазы –
Әкім емес, Алла тұр мінберінде.
Алла – дара, жоқ оның «туысқаны»,
Пенделерден сондықтан ойы ұшқары.
Төрт бұрышы – әлемнің төрт қанаты:
Оң, терісі, батысы, шығыстары.
Мында мүскін ол жақта теңеседі,
Тоқ қарындар ол жақта кем ішеді.
Бұл жалғаннан бір-бірін таппағандар
Мәңгілікте қауышып, көріседі.
Тура жолмен жүргендер тарықпайды,
Май басқандар ол жақта арықтайды.
Бұл жақтағы әлсіздер тұлға болып,
Бағы жанып, көңілі шарықтайды.
Сондықтан мен өлгенде жыламаңдар,
Алла досы – бәріне шыдағандар.
Межесіне көздеген жете алмайды,
Көп қарайлап, артына қарағандар.
«Кетті, - деп, - қайран Ана», жыламаңдар,
Балаға күн сыйлаған бар аналар.
Құлқын емес, жұртына қам жасаған
Ол жақта көп бұл жақтан ғұламалар.
Барамын мен солардың арасына,
Өлшеулі тірлік адам баласына.
Тартады бауырына алып Ана,
Ағын да, қарасын да, құласын да.
Бұл жақта ізім қалсын шиырлаған,
Нан бітіп, аяқталса ғұмырнамам;
Шырақ ап алдарыңнан шығу үшін
Ол жаққа мен сендерден бұрын барам.





Пікір жазу