01.08.2022
  102


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҰМАЙҒА

Томпаң-томпаң етесің,
Қуантасың, күлесің.
Күннен-күнге, құлыным,
Тәп-тәтті боп келесің.
Мондалақтай монтиып,
Отырасың томпиып.
Өсіп келе жатырсың,
Бәйшешектей қылтиып.
Алғаш сүйген немерем,
Көңілімді демеген.
Бүтінделіп сенімен,
Кең жайылды керегем.
Қақтай көзің жарқырап,
Былдыр-былдыр сөйлейсің.
Желбіреген балқұрақ,
Үлбіреген гүлдейсің.
Бақ тілеймін бөпеме,
Мұратыма жетеле!
Бар байлығым жинаған
Саған, ботам, жете ме?!
Күнің болсын шуақты,
Күйің болсын қуатты.
Бақыт, байлық, денсаулық,
Досың болсын тұрақты!
Бетіңді ешкім қақпасын,
Ісіңді әркім мақтасын!
Балға лайық таңдайың
Ащы дәмді татпасын!
Кірбің шалмай қабағың,
Күлімдесін жанарың!
Жаныңды жаз аймалап,
Жарқылдап өс, қарағым!
Асқақ болсын арманың,
Шаттық берсін таңдарың!
Дені де сау, жаны сау,
Сүйгені бол Алланың!
Ашық болсын жолдарың,
Пірлер болсын қорғаның!
Күтіп тұрсын алдыңда
Кезек-кезек тойларың!
Маңайыңа көрік бол,
Жақсыларға серік бол!
Ибалы бол, арлы бол,
Мұқалмайтын берік бол!
Сүйкімді бол, шуақ бол,
Ақ мамаңа қуат бол!
Ақыл-кені дария,
Сарқылмайтын бұлақ бол!
Көркің болсын келісті,
Ойың болсын өрісті!
Тез ойланып, аз сөйлеп,
Тындыратын көп істі.
Өмір-күнің сөнбесін,
Басың бейнет көрмесін!
Әр қадамың құтты боп,
Тасың төрге өрлесін!
Орындалып арманың,
Жарқырасын таңдарың!
Қадірлі бол халқыңа,
Алғыс болсын алғаның!
Жамандықтан қашық жүр,
Қатарыңнан асып жүр!
Тағдыр деген тарпаң бар,
Байқап аяқ басып жүр!
Бақыт болсын базарың,
Ашық болсын ажарың!
Еңселі бол, биік жүр,
Мақтан етсін қазағың!
Күле берші, жылама,
Жамандарға жолама!
Рухани қолдаушың –
ҰМАЙ атты ҰЛЫ АНА!





Пікір жазу