01.08.2022
  96


Автор: Айсырға Қилыбаева

БОЙЖЕТУГЕ АСЫҚПА, БАЛАПАНЫМ!

Бойжетуге асықпа, балапаным,
Табаныңда аялы алақаным.
Риясыз әлемге күліп қара,
Сәби жүзге аунатып дала таңын.
Саған арнап жинадым гүл шоқтарын,
«Гүлге толып жүрсін, - деп, - құшақтарың».
Тізіп жүрмін «Сен тағып жүрсінші» деп,
Жүрегімнің мөп-мөлдір моншақтарын.
Бойжетуге асықпа, ерте, жаным,
Асықпасаң жетерсің, өртер жалын.
Балалықтың базарын қызықтай бер,
Ғұмыр аса көп емес, келте, жаным.
Бойжетуге асықпа, аппақ айым,
Таза, мамық жүрегің мақтадайын.
Бала кезде табасың керегіңді,
Бойжеткенде көбейер таппағаның.
Бойжетуге, асықпа, аппақ айым!..





Пікір жазу