01.08.2022
111
КЕЛІП ТҰРМЫН
Сендер маған төгілген шуақ болып,
Сендер барда ағамын бұлақ болып.
Айналайың, адамдар, мен сендерді
Жүріп келем жаныма қуат қылып.
Қуанышқа жүрсіңдер араласып,
Күрсінем де, көңілді нала басып;
Мен жүремін аңқылдап, жүрегімді
Ата, әже, ана мен балаға ашып.
Өздерің ғой мені өрге өрлететін,
Әнмен, күймен, сезіммен тербететін.
Өз жайымды ойлауға мұрсат бермей,
Тойларына шақырып күнде өтетін.
Туған елді толтырып кемеріне,
Гүл-алқалар тағылған өңірінде;
Жел жұлмалаған даламның гүлін алып,
Келіп тұрмын алқынып елуімде.