ИНАБАТ, ӘДЕП ҮЛГІ ЕТКЕН
Талай іс бастан кешірген,
Аялап ұл-қыз өсірген.
14-те алғаш ұстаз боп,
Зердеге бәрін көшірген.
Білімді қанша болса да,
Білгіш боп, кеуде қақпайтын.
Қайын жұртын құрметтеп,
Қазақтың ғұрпын сақтайтын.
Әйелдік мінез көрсетіп,
Біреуге кінә тақпайтын.
Көпшіліктің алдында
Қолпаштап мені мақтайтын.
Мінезі жұмсақ жібектен,
Инабат, әдеп үлгі еткен.
«Апаңды сыйлап жүрің!» - деп,
Ұл-қыздарына үйреткен.
Есіктен кірсем елеңдеп,
Құшақтап қарсы алатын.
Бетіме қарап жаутаңдап,
Көрпесін қағып салатын.
Өзгеше бітім, мінезің,
Анамды көрген көз едің.
Батпан жүк артса, мыңқ етпес
Қатепті нардың өзі едің.
Аллаға адал іс қылып,
Ешкімнің жолын кеспедің.
Таршылық көріп тарықпас,
Рухы мықты, күшті едің.
Білімі таяз болса да,
Біреулер жүрер «шалқайып».
Сен жүрдің алға оздырған
Ұл-қыздарыңмен марқайып.
Қиындық көрсе, саспайтын,
Өз деңгейінен аспайтын;
Күпірлік жасап тірлікте,
Аяғын шалыс баспайтын.
Өрескел дауыс көтеріп,
Қатты сөз айтып көрмеген.
Айрылдық Хақтың жолымен
Айжандай жайсаң жеңгеден.
Тып-тыныш жүріп өмірде,
Тып-тыныш кетіп барасың.
Мәңгілік мекен-жайыңды
Маһшардан енді табасың…