01.08.2022
  122


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚАРАҒҰЛ ТӘТЕМНІҢ ӘРУАҒЫНА

Біреудің сырты – жылтыр, іші – батпақ,
Ақ тәте, түсің – қара, ішің – аппақ.
Моншағың бала кезде әкеп берген
Жоғалтпай, әлі күнге жүрмін сақтап.
Аталас көп болса да ағаларым,
Ішінен, аға, сізді қалап алдым.
Біреулер «қыз» деп мені мүшірейтті,
Сен мені ұлдан биік бағаладың.
Менімен тең отырып сөйлеуші едің,
«Бұл саған керек болар, біл» деуші едің.
Қызығам зейініңе – бала кезді
Жадына әлі сақтап жүрген сенің.
Едіңіз көлгір емес, тік мінезді,
Сол мінез қаталырақ етті сізді.
Жүреді қалтасы тоқ, қарыны боқ
Сұйқылдар – көз бояйтын екіжүзді.
Қараймын суретіңе сағынғанда,
Сауатты, білігі мол, дарынды аға.
Қасыңда бола алмауым өкінішті,
Қиналып, төсек тартып, ауырғанда…





Пікір жазу