МЕНІҢ ӘУЕНІМ
Анадан алтау едік бүрлеп өскен,
Төртеуі солып қалды гүлдеместен.
Төрт жұлдыз жана түсіп, сөніп қалды,
Қатыгез тағдырына үндеместен.
Ішінде көрнексізі мен екенмін,
Сондықтан тіл-көз тимей жүр екенмін.
Сәби көрсем қиналып, әлсіреген,
Тітіркеніп өн бойым, дір етемін...
Шыр етіп сен келгенде дүниеге,
Құйылды нұр-шапағат біздің үйге.
Әкем байғұс домбыра тартушы еді,
Анам сені бесікке бөлегенде.
Ән салып, бесікті мен тербетемін,
Білемін тыңдаушымның сен екенін.
Әкең мен анаң мәз боп отыратын,
Бүтіндеп сеніменен кем-кетігін.
Бесіктесің, мен болсам алтыдамын,
Күлкің қандай тәтті еді «әнқұмарым»!
Ауырып қалдың бір күні.
Анам жылап,
Әкем үнсіз.
Мен қорқып, қалтырадым.
Бар ауылдас жиылды біздің үйге,
Бір сұмдықты жүрегім сезінуде.
Ата-анаңа жаутаңдап кезек-кезек,
Жаттың-ау сен жақындап үзілуге.
Мен сенің өскеніңді көргім келген,
Жетектеп, қасыма ертіп жүргім келген.
Сол күні орап алып алашаға,
Кісілер сені апарып жерге көмген.
Күмісбай, Байболы ерте шетінеген,
Белбеуі тарта-тарта сетінеген
Анаңды аңыратып тастап кеттің,
Тұра алмай әкең қалды жер тіреген.
Жүзіңді орамалмен жауып қойған,
Көрініс көз алдымда қалып қойған.
Әкемнің Шағадамнан алып келген
Шырағы дәл сол күні жанып болған.
Жанып бітті сол күні соңғы шырақ,
Күрсініс… Күңіреніс… Күлкі жырақ…
«Сыпатай, кетпеші!» деп жатады екем,
Түн болса елегізіп, ұйқысырап.
Әкең қалды жүк артқан қара нардай,
Жүгі ауып, үзік арқан жалғай алмай.
Сорлы анаң бала көрсе исінеді,
Ақ сүті сорғалаған нар маядай.
Шалқайған шаңырағы, дөдегелі,
Жайылған іргесі кең керегелі
Әкеңнің үйін жүрмін тіктей алмай,
Бауырым, жалғыз еттің неге мені?!
Ебелек сияқтымын тамыры жоқ,
Тағдырдың тамырсыздан ауыры жоқ.
Үрейлі қара бұлттар жөңкіледі,
Найзағай шатыр-шұтыр, жауыны жоқ.
Жабықсам, сен көзіме елестедің,
Шаршасам, күш-қуатым емес пе едің?!
«Торғайдай торға түсіп» тұрған кезде
«Бауырым, құтқар мені!» демес пе едім?!
Басады аздан гөрі көп салмағын,
Жемтігі әлсіз аң-құс көп қарғаның.
Көргенмін кінәсі жоқ, айласы жоқ
Жалғыздың көптен таяқ жеп қалғанын.
Аға, іні – қос қанатың қалқытатын,
Арман ғой асқақтатып, шалқытатын.
Қанатсыз қос аяққа салмақ түссе,
Қатардың алды емес, арты жақын.
Жүргенің сүйеу болып керек еді,
Мен үшін сенің орның бөлек еді.
Жете алмай көп дауысқа, қарлығамын,
Бауырым, жалғыз еттің неге мені?!