01.08.2022
79
ҚАРАМА
Маған олай қарама, өтінемін,
Бықсып жатқан көк түтін көкірегім.
Жалыныңа оранып, жанып кетпей,
Өрт шарпыған күйіме өкінемін.
Енді бекер, бәрі де керек емес,
Жаным жалқы. Қасымда жүреді елес.
Өкініштің сілтіден ащы екенін
Өзі татып көрмеген біле бермес.
Өмір ащы шынайы адамдарға,
Әділеттік Құдайын таба алған ба?!
Бозторғайға шашылған несібені
Іліп алып кетеді жаман қарға.
Маған олай қарама, шырайланып,
Құлатарсың. Басым тұр шыр айналып,
Сіңіп қара қуысқа жоғалғандар
Көреді екен көзімен Құдайды анық.