01.08.2022
100
Оқ қағарлық әдет жоқ болмысымда...
Оқ қағарлық әдет жоқ болмысымда,
Арманыммен араға тұрды сына.
Бұл фәниде мұңдының, күрсінгеннің
Мен емеспін басы да, соңғысы да.
Толып жатқан шөп-шөңге қуысында,
Қаптың аузы – нәндердің уысында.
Берген әмір өзіне қайырады
Сорлысын да, нәнін де, ұлысын да.
Бәрімізге күн ортақ шуақ төккен,
Қай пендені тіршілік тұрақты еткен?!
Сондықтан да адамзат дүниеге
Жылап келіп және де жылап кеткен.
Өз жайымды шама жоқ ойлануға,
Жүрем ылғи жат қиял шырмауында.
Қайырымды әлдекім қолын берді,
Шың басына шыға алмай тұрғанымда.
Пенде – әлем ұлығы, сорлысы да,
Бақ пен оқтың көздеулі ұңғысына.
Сондықтан да күлген мен күрсінгеннің
Мен емеспін басы да, соңғысы да.