01.08.2022
  103


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖҮРІП КЕЛЕМІН

Тақ мінгендерге байқалмай жүрмін,
Жырымды төгіп айта алмай жүрмін.
Байқалмасам да, айта алмасам да,
Алған бетімнен қайта алмай жүрмін.
Ауған жүгімді арта алмай жүрмін,
Бел арқан босап, тарта алмай жүрмін.
Дәм татқан ауыл алыстап кетіп,
Қарызды алған қайтармай жүрмін.
Бетімді күннен қалқалап жүрмін,
Таудан тас жинап, арқалап жүрмін.
Бала кезімде үйренген әнді
«Ұмытпайын» деп, қайталап жүрмін.
Жүгіріп, кейде баяулап жүрмін,
Көлікпен, кейде жаяулап жүрмін.
«Ізімнен біреу келеді ме» деп,
Көбірек артқа қарайлап жүрмін.
Қатардан қалмай, жүріп келемін,
Көлеңке көрсем, күдіктенемін.
Шаршаған белді бүгіп келемін,
Жүріп келемін, жүріп келемін...





Пікір жазу