ШЫТЫНАЙДЫ КӨҢІЛІМ
Ештеңеге көңілім тоқтамайды,
Алқымымды ісірді ноқта-қайғы.
Тіршіліктің тарылып қыл көпірі,
Шыбын жаным шырылдап, отта қалды.
Ақ пейілім – арамның жәрмеңкесі,
Алушылар – құзырдың әйлеңкесі.
Әділеттің кезегі жеткізбейді,
Жылмаңдардың таусылмай мәймөңкесі.
Көкіректе қасірет зілі батпан,
Көзде нұрым сарқылды еріп аққан.
Танымайды түрімді көрген кісі,
Омарташы сияқты ара баққан.
Жүргізбейді кес-кестеп қара мысық,
Жақындасам, тырнағы алады осып.
Орта жолда мен тұрмын пәре-пәре,
Аққу, қаздар төбеде барады ұшып.
Тарылтады тар бөлме тынысымды,
Шытынайды көңілім шыны сынды.
Жанашырды жат бауыр иеленді,
«Жау кеткен соң, тасқа шап қылышыңды».
Күлкіге емес, көңілім мұңға бейім,
Бағынбаса жүрегім, мен не дейін?!
Түте-түте, қыл-қыбыр, жүн болыппын,
Күлтеленіп төгілген жібек едім.