01.08.2022
  125


Автор: Айсырға Қилыбаева

БІЛМЕЙСІҢ

Сен мені білесің бе?
Білмейсің ғой.
«Қаперсіз, жайбарақат жүр» дейсің ғой.
Кеудемді көтертпейді ауыр тартып,
Жүректің қалтасында үлпершек-ой.
Сен мені түсінбейсің, түсінбейсің,
Көзіңмен өлшеп-пішіп, мүсіндейсің.
Заңды құжат сақтаулы қойынымда,
Басқалар көреді тек көшірмесін.
Ойым бар, бойым да бар, таласа алам,
Жаныма аласалар жара салған.
Бәрінен биігірек көрінген соң,
Мен сенің алдыңда алғаш аласарғам.
Сен менің көргенімді көре алмайсың,
Анықтап көрмеген соң, сене алмайсың.
Анықтап көрмей тұрып, сенбей тұрып,
Қолпаштап, өп-өтірік неге алдайсың?!
Мен оған сеніп қалам «Шын екен» деп,
Бұл күнде құл әдісін пұл етер көп.
Мен бүгін кешегіңе көзім жетті,
«Әркімге айтып жүрген жыры екен» деп.
Мұң табын көрмейсің бе көзімдегі,
Сары тап сағынышым көз ілмейді.
Хаттарың қауырсындай ұшып келді,
Келмедің бірақ іздеп өзің мені.
Сен мені түсінуге тырыспадың,
Көңілдің қырау шалды қуыстарын.
Сен болсаң, батыс жаққа батып кеттің,
Мен әлі арай күтем, шығыстамын.





Пікір жазу