01.08.2022
  88


Автор: Айсырға Қилыбаева

СЕН МЕНІ САҒЫНАРСЫҢ

Сен мені сағынарсың қыр асқанда,
Ізіне көшкен бұлттың ұласқанда.
Жолаушы қара бұлт та, ала бұлт та,
Көз жазбай ай мен күнің тұр аспанда.
Сен мені сағынарсың шаршағанда,
Қырдағы таң самалын аңсағанда.
Адамның қадірі мен құдіреті –
Есінде біреулердің қалса ғана.
Сен мені сағынарсың тарыққанда,
Жаныңды жауыр күндер арытқанда.
Сағыныш – сүйініш пен күйініштер,
Сағыныш – өткен күннен анықтама.
Сен мені сағынарсың шөлдегенде,
Кәззаптар шипа-сусын бермегенде.
Сенгенің киіндіріп, шоқындырып,
Арман мен үмітіңді жерлегенде.
Сен мені сағынарсың таң атқанда,
Шуағын әлемге күн таратқанда.
Сағыныш – жүректердің табысуы,
Адасып жүрсе де өзі жырақтарда.
Әр адам келер күннің жетегінде,
Сағыныш талайлардың көкейінде.
Артыңда сағынатын біреу қалсын,
Қоштасып сол ауылдан кетеріңде.





Пікір жазу