АҢСАУ
Алыстан әдемі, саз ән келеді,
Құс ұшып келіп, жерден дән тереді.
Саямда бал құрақтар бойын жазды,
Жанымның жайқалғанда бәйтерегі.
Жанымның жайқалғанда бәйтерегі,
Құлаққа жас кездегі ән келеді.
Арманның көкжиегін кезіп жүрген
Жас ғұмыр қайта оралса қайтер еді?!
Қолдағы алтынды ешкім байқамайды,
Келгендер кеткендерді қайталайды.
Қарағай күзде ұшырып жапырағын,
Көктемде жап-жасыл боп жайқалады.
Балауса бал құрағы көктем едім,
Сен – жүзген ақ арманның желкені едің.
Жанымды алаулатып, сырға аунатып,
Сезімнің күй пернесін шерте келдің.
Жанарың тұнық еді, ашық еді.
Жаныма ақ шуағын шашып еді.
Шарпылған жастық шақтың жалынына
Қос жүрек бір-біріне ғашық еді.
Көктемді қырға аунатып, жаз жайлады,
Армандар сағынышты сазға айналды.
Ақ кеме алыстады тербетіліп,
Ақ желкен ұшып кеткен қазға айналды.
Оралмас жастығымды алып қаштың,
Жүрекке тәтті мұң боп қалыптастың.
Мәңгілік махаббаттың аз ғұмыры,
Сені аңсап, қиялдаудан жалықпаспын.