МАХАББАТ ЖАЗЫ
Бір-бірінен адамзат аласа ғой,
Ал ойлары бәрінің тамаша ғой.
Сені «қара, көзі ала» дейді жеңгем,
Шіркін, менің көзіммен қараса ғой!
Сенің айтқан әніңнің сазы бөлек,
Ғашықтарға махаббат жазы керек.
Жастық дәурен – мәңгілік қурамайтын,
Алау гүлдер жайқалған жасыл желек.
Жанарыңда күлгенде таң арайлы,
Тал бойымды ақ нұрың аралайды.
Сен екеуміз әлі ешкім жете алмаған
Жүргендейміз аралап жағажайды.
Ғашықтардың рахат тапса жаны,
Жас дәуреннің еседі ақ самалы.
Бұлбұл құстар сайрайды ұшып келіп,
Аспалы Семирамида бақшадағы.
Сені көрсем, кеудеме шуақ толып,
Сезімдерім тулайды бұлақ болып.
Кездесуге шақырсаң, шықпай қоям,
Кездескенім өзіңмен ұнап тұрып.
Би кешіне әдейі бармағаным,
Қаперіме сөзіңді алмағаным –
«Жүрегінің байламы бекем бе» деп,
Жан сырыңды өзімше аулағаным.
Алыстама, аяулым, кел жаныма,
Бақытымды сезінем сен барында.
Сіңіп барам тұңғиық жанарыңа,
Кіргендеймін Иранның гүл бағына.