Жастық-ай, шіркін!..
Жастық-ай, шіркін!..
Түндері жарық күндізден,
Жақынды «қашық», алысты «жақын» дегізген.
Ақ қанат арман аунатып аспан төріне,
Жанарды айға, көңілді күнге сүйгізген.
Жастық-ай, шіркін!..
Басыңнан дәурен көшпеген,
Жан бар ма екен жалынын оның кешпеген?!
Сағымдай жылжып, ұстатпай алыс кетсе де,
Сағыныштар ғой көңілден күні өшпеген.
Жастық-ай, шіркін!..
Жүзіңді гүлмен әрлеген,
Сыңғырлап күлкі, сызылып өтті-ау сәнменен.
Құштарлық сезім жүрекке әсем саз құйып,
Ашатын жастар жан сырын сұлу әнменен.
Жастық-ай, шіркін!..
Әзілің, күлкің жарасқан,
Көкірек асқақ, таудан да биік әрі асқан.
Қызықты кештер қиялмен болжап, бал ашқан,
Қимастық, достық махаббаттарға ұласқан.
Жастық-ай, шіркін!..
Сәулелі шақтың беттері,
Жеріңнен сонау ай, жұлдыз жақын көктегі.
Қарық боп нұрға, айналып жырға жүргенде
Байқалмай қалды өткені…