01.08.2022
  151


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖАС АҚЫНҒА

Батырлар жазар ерлігін
Қылыштың өткір жүзімен.
Қалам ұшымен өлермен
Шұқылап жазар ез өлең.
Бүлкілдеп желу жараспас
Тұяғы асыл тұлпарға.
Ұсақ құстармен таласпас
Төрелік бар ғой сұңқарда.
Жақсыдан қалған тұяқтар,
Нөсерден қалған бұлақ бар.
Шынайылықты жоғалтпас
Өмірге өлшем – сынақтар.
Ерлік бар бояуы өшпеген,
Жұмбақ бар ешкім шешпеген.
Кішілер ізет көрсетіп,
Үлкеннің жолын кеспеген.
Пішімің кіші болса да,
Жырыңда болсын ірілік.
Ақынның жатар өмірі
Өлеңдерімен өріліп.
Тегіне тартып тебінбес
Ұясынан безеді.
Атаның жүгін көтермес,
Өзіне келсе кезегі.
Басқа ауылға жүгірме,
Өз басыңды түгенде!
Екі аттың басы асау
Сыймайды бір жүгенге.
Өзге емес, сондықтан
Өз әніңді шырқай бер!
Өлең, жыры жоқ елді
Өзге халық «мылқау» дер.





Пікір жазу