01.08.2022
119
…АҚЫННЫҢ ІСІ БІТЕР МЕ?!
Теңіз боп тулап, шайқалмай,
Жақсы жыр жазып марқаймай;
Адырнасын аңыратып,
Көздеген тұсқа тарта алмай –
Ақынның ісі бітер ме?!
Арызы болса айта алмай,
Қарызы болса қайтармай;
Жолында ауып жүк жатса,
Көтеріп нарға арта алмай –
Ақынның ісі бітер ме?!
Қатайып қыста қаңтардай,
Көктеммен түлеп, жайқалмай;
Тірліктен алған қарызын
Өмірін беріп қайтармай –
Ақынның ісі бітер ме?!