01.08.2022
  355


Автор: Айсырға Қилыбаева

КИІЗ ҮЙ

Даланы көшіп жүріп аралаған,
Алтай мен Қаратауды жағалаған.
Ат мініп, түйе қомдап, саят құрып,
Киіз үй дөңгелетіп, саялаған.
Кереге алты қанат сыналасқан,
Сығалап шаңырақтан тұрады аспан.
Байланып керегеге иінді уық,
Тұтасып, шаңырақпен қиюласқан.
Ортада қара қазан қайнап тұрған,
Басқұр-бау, ою-өрнек жайнап тұрған.
Туырлық, түндік, үзік дөдегелі,
Ши қоршап, белдеу арқан байлап тұрған.
Сол жаққа ет жайылып, шыпта құрған,
Шет жақта – шылапшын мен темір құман.
Қасында сырлы, биік кебеже тұр –
Балқаймақ, құрт, ірімшік, майға толған.
Сеңсең тон, шидем шекпен – үйдің көркі,
Төбетей мауыт тысты, тымақ, бөркі.
Тұсына он екі өрім қамшы ілінген,
Және тұр домбырасы таққан үкі.
Төсек қап, моншақ-түйін кермесі бар,
Жүк аяқ, жастық ағаш... өңгесі бар.
Қазақтың хас шеберлер өрнектеген
«Киіз үй» аталатын көрмесі бар.
Сүйекті ер, алтын, күміс тоғасы бар,
Оюлы жабу, терлік, жонасы бар.
«Сырығы шаңырақтың – ұл бала» деп,
Қалдырған ата-баба мұрасы бар.





Пікір жазу