01.08.2022
  82


Автор: Айсырға Қилыбаева

АЛМАСУ

Әдемі ай туыпты қияқтанып,
Түнгі аспан тамылжиды сыр ақтарып.
Жылжиды нәзік бұлттар бетін сипап,
Шарбысы қошақанның сияқтанып.
Назданып, жұлдыз күлген миығынан,
Төгеді ай сәулесін қиығынан.
Аспаннан тылсым сәуле жерге тамып,
Барады бір керемет құйылып ән.
Түн кетті моншақтарын шашып алып,
Күн келеді көзі жайнап, шашы жанып.
Жер-Ана дөңгеленіп бара жатыр,
Иыққа қоржындарын асып алып.
Еседі теңіз беттен таң самалы,
Боз торғай таңда оянып ән салады.
Саусағын күнге созып жасыл құрақ,
Мамырда жатыр жайлап сай-саланы.





Пікір жазу